Алматыда қарттарға арналған «Сенім» орталығында күзгі бал өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қарттарға арналған «Сенім» орталығында күзгі бал өтті

20.11.2023

Алматыда қарттарға арналған «Сенім» орталығында күзгі бал өтті. Qazaq Stroy компаниясының демеушілігімен салынған екі қабатты ғимаратта әлеуметтік және медициналық қызметтердің барлығы қамтылған. Мерекелік іс-шарада зейнеткерлер ән салып, би билеп, концерттік бағдарламаны тамашалады.

Орталыққа келетін егде жастағылардың барлығы шетінен өнерлі. Осында бой жазып, білімін жетілдіреді. Жаңа технологияны қолдануды үйренеді. Бір-бірімізбен шүйіркелесіп, етене жақын болып кеттік дейді знейнеткерлер.

Шыныбек Шалқарұлы, зейнеткер:

Күнделікті 70 пен 90-ның арасындағы зейнеткерлер келіп қатысады. Өте тамаша. Барлық жағдайды ұйымдастырып қойған. Ән, би кештерінен басқа жарыстарға қатысып жатырмыз. Жақын арада қалалық жарыс болып, кубокты жеңіп алдық. Бірінші орын алдық.

Күн сайын зейнеткерлер би билеп, суға жүзіп, шет тілін де үйреніп жүр. Сонымен қатар орталықта психология, сурет салу, актерлік шеберлік, хор, қолданбалы өнер оқытылады. Бос уақытта шахмат, дойбы, үстел теннисі мен бильярд ойнауға да болады.

Дарияш Ахмет, зейнеткер:

Өзіміз осы Qazaq Stroy-дың үйлерінде тұрамыз. Алма-Сти деген бар осы жерде. Осы орталыққа жақын болсын деп біз тіпті көшіп келіп, осында тұрып жатырмыз. Жақсы, таза жер. Жаңа ғимарат. Теннис деген барлық жерде жоқ. Соны ойнаймыз. Биге бірге барамыз. Ол жерде вальс билейміз. Қара жорғаны жақсылап үйрендік.

Көктемде пайдалануға берілген орталық ғимараты заманауи үлгіде салынып, қарттарға қажетті барлық мүмкіндік жасалған. Таңғы сағат 10-нан кешкі беске дейін есігі ашық. Зейнеткерлерге 20-ға жуық тәлімгер дәріс береді. Осының барлығы тегін. Барлық шығынды Qazaq Stroy компаниясы өз мойнына алған.

Қарлығаш Исабекова, «Qazaq stroy» компаниясының PR директоры:

Осындай орталықты құру Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Артықбаевтың идеясы болатын. Негізі мақсат - зейнеткерлерді замануи өмір салтына бейімдеу. Қарттардың ұзақ өмір сүруіне, үйде отырып қалмауына мүмкіндік жасау.

Қазір орталыққа күніне жүзге жуық зейнеткер келсе, түрлі үйірмелерге 300 адам тұрақты қатысады. Qazaq Stroy компаниясы алдағы уақытта Алматының барлық аудандарында осындай орталықтар ашуды жоспарлап отыр.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу