Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті

19.11.2023

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Аптадағы ақжолтай жаңалықтың ең бастысы да осы болғандай. Бұндай бақыт 5 облыстың отбасына бұйырған. Яғни, 5 бірдей сәби 14 қараша күні сағат таңғы 8-ден 14 минут кеткенде туған. Олар: Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келген. Ата-аналарына Қазақстан президентінің арнайы құттықтауы мен 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы 30 жылда Қазақстан халқының саны 22,3% өскен. 1991 жылы 16,4 миллион болыппыз.Бала туудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы тіркелген. Сол жылы 446 мың бала дүниеге келіпті. Ал өлім-жітім 1991 жыл мен 2022 жылды салыстырғанда 7 есеге жуық төмендеген. Соңғы дерекке сәйкес Қазақстанда 1 әйел орта есеппен 3 баланы дүниеге әкеледі. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 74 жыл.

Ал 20 миллионыншы азаматтардың ата-аналары кімдер? Халық санының артуын экономистер қалай бағалады. Келесі бейнематериалда.

Қазақстанның 20 миллионыншы азаматы, ата-әжесінің 21-ші немересі, отбасының 4-ші перзенті. Сәби Түркістан облысы, Асықата кентінде жұмысшы мен мұғалімнің жанұясында дүниеге келді. Шәкеновтер оған Әлімхан деп ат қойды.

Ерғали Шәкенов, Асықата кентінің тұрғыны:

Өзім де түсінбей қалдым. Оны бұйырады деп ойлаған да жоқпыз. Өзі 20 млншы деп қуанып жатырмыз.

Ал Томиристің салмағы 3 келі, бойы 49 сантиметр болып туған. 20 миллионыншы қазақстандық жас отбасының тұңғышы.

Ұлытау облысы

Әйкерім Молдашева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Жалпы көп балалы ана болғым келеді. Бұйыртса , бүкіліне осы бақытты тілеймін. Кәдімгідей қобалжып тұрмын негізінде. Мүмкін 21 миллионыншы да мен боламын.

Талдықорған

Мұхтар Әзімбаев болса үшінші ұлдың әкесі атанғанын жұмыста жүріп білген. «Перзентімнің 20 миллионыншы азамат екенін естігінде қуанышым еселенді» дейді. Көпбалалы ана атанған Диана Әзімбаева ұлына Айсұлтан деген есім берген.

Диана Әзімбаева, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Қуанышымда шек жоқ. Барлығы құттықтап жатыр. Атын қойдық. Аты Айсұлтан Мұхтарұлы. Қазақ еліне қызмет етіп, батыр азаматтардың бірі болсын!

Бұдан бөлек 20 миллионыншы азаматтар Атырау мен Ақмола облыстарында дүниеге келген. 5 сәбиге осындай ерекше туу туралы куәліктері табысталды. Биылдың бірінші жарты жылдығында 190 мыңға жуық бала дүниеге келіпті. Ал 63 мың азамат өмірден өткен. Яғни, табиғи өсім 126 мыңға жуықтайды.

Алматы

Айбар Олжай, Экономист:

Орташа есеппен күніне күніне мысалы 730 адамдай толығып отырмыз. Енді ол процесті тоқтата алмаймыз. Ол жақсы үрдіс. Енді таза демографиялық өрлеу пластына түстік деп айтуға болады.

Демографтардың болжамынша 2030 жылға дейін бала туу көрсеткіші өсе беруі мүмкін. Өйткені халық саны 19 миллионға 2019 жылы жеткен. Ал адам саны көбейген сайын кедейлік қақпанына түспеудің қамын жасау керектігі тағы бар.

Қостанай облысы

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

30-шы жылға дейін 1 млн 800 жас еңбек нарығына келеді. Ол азаматтардың қайда оқып, қайда жұмыс істейтінін бүгіннен ойластырып жатырмыз. Ол үшін қандай жаңа жұмыс орындарын ашамыз.

Экономист Айбар Олжай халық саны өскен мемлекеттерде экономика қарқыны жоғары болады дейді. Себебі бұл - ішкі тұтынымның өсуі мен бәсекеге қабілетті жұмыс күшінің көбеюі. Бірақ одан бұрын бүлдіршіндерге бөбекжай мен мектеп мәселесін реттеу керек. Осы мақсатта 2022 жылы 39 мың жаңа орынға арналған 458 балабақша қолданысқа берілген.

Алматы

Айбар Олжай, Экономист:

Біз елдегі демографиялық өсімнің алдынан соны озып әлеуметтік нысандарды салу, мектеп, балабақша, тұрғын-үй инфрақұрылымдарын жақсарту жұмыстарын қолға алуға керекпіз. Ол мәселе ушығыды да біздің енді қаржылық жағдайға да байланысты болады.

Әрі елдегі халық саны артқан сайын әртүрлі әлеуметтік көмектің көбейетіні белгілі. Сондықтан үкімет бюджет дефицитін болдырмауға әрекет жасауы керек» дейді экономист. Қазір мемлекет тарапынан босанған кездегі бір реттік , көп балалы отбасыларға берілетін, бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне арналған жәрдемақы секілді төлемдер бар.

Алматы

Айбар Олжай, Экономист:

Қазір 2023 жылдың балансын ұра алмай қалдық біз. Бізде дефицит көбейіп кетті де. Бір шара бар. Қазмұнайгаз ұлттық компаниясының акциясын ұлттық қордың сатып алуы сынды стандартты емес қимылға баруға мәжбүр болды. Сол арқылы бюджеттік дефицитті қаржыландыру.

Қазір Қазақстандағы 20 миллион азаматтың 9 миллионы экономикалық белсенді халық тобына жатады. Экономистер осы цифрды 10 миллионға дейін жеткізу керек дегенді ұсынады. Яғни, бір бала артық туса плюс бір экономикалық белсенді азамат.

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу