Бүгін маңызды ойын. Футболдан Қазақстан командасы Сан-Мариноны қабылдайды. Бұл EURO-2024 чемпионатына іріктеу аясындағы соңғы кездесулердің бірі. Жерлестеріміз үшін жеңіс ауадай қажет.
Бүгін елордадағы стадион лық толы болмақ. Билеттер бірнеше апта бұрын сатылып кеткен. Команда көшбасшылары Асхат Тағыберген мен Бахтиер Зайнутдинов жарақатқа байланысты ойынға қатыса алмайды. Алайда олар командамен бірге болып, алдағы матчтарда әріптестеріне қолдау көрсетпек. Бас бапкердің сөзінше жарақат пен ескерту қағаздарына байланысты негізгі құрамда өзгеріс болуы мүмкін. Жалпы Қазақстан іріктеу турнирінің 8 ойынынан кейін 15 ұпай еншілеп, өз тобында үшінші орында келеді. Бүгінгі кездесуден кейін жерлестеріміз қарашаның 20 күні Словения құрамасына қонаққа барады. Екі ойында жеңіске жетсе ұлттық құрама Еуро-2024 додасына өтуі бек мүмкін.
Ермұхамед Мәулен спорт комментаторы, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі:
Қазақстан ұлттық құрамасы барын салып, жойқын шабуылдар ұйымдастырып 4:0, 5:0 есебімен ұтады деген ойым жоқ менің. 1:0 ары кеткенде 2:0 осымен тоқтау керек жігіттер. Бізде осы матч аяқталғаннан кейін тікұшақ. Словенияға 10 сағат жолға шығуымыз керек.Одан кейін жаттығу жұмыстарын жүргізу керек. Футболшылар сол матчқа дайындалу керек.
Ойын «Астана-Арена» стадионында кешкі сағат 21:00-де басталады. Кездесуді «Қазақстан» және «Қазспорт» арналарынан тікелей эфирде көре аласыздар. Жігіттерге жеңіс тілейміз!
Шерхан Жамбылұлы