Қазақ-қырғыз байланысы нығая түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-қырғыз байланысы нығая түседі

16.11.2023

Қазақстан Парламенті мен Қырғыз Республикасының Жогоргу кенеші ынтымақтастық пен әріптестік жұмыстарын тереңдете беруге мүдделі. Бұл туралы Жогоргу кенештің 85 жылдығына арналған халықаралық конференцияда Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты. Ол көрші елдегі әріптестерін атаулы мерекемен құттықтап, заң шығарушы орган өзекті мәселелер талқыланатын және маңызды шешімдер қабылданатын жалпыұлттық алаң ретінде айрықша рөл атқарып отырғанын атап өтті.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

1938 жылы алғашқы отырысын өткізген Жоғарғы кеңес осы уақыт ішінде түрлі кезеңді бастан өткерді. Құлады, қайта құрылды, осылайша өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бауырлас ел тәуелсіздік алғалы жетінші шақырылым депутаттары жұмыс істеп жатыр. Қазір ТМД елдерімен, оның ішінде Қазақ парламентімен байланыс мығым.

ТМД елдері Парламенттері Палаталарының басшылары мен депутаттары қатысқан іс-шарада аймақта парламентаризм мен өзара байланысты дамытудың маңыздылығы айтылды. Өйткені елдерді шекара бөлгенімен халықты мәдениет, экономикалық серіктестік пен сауда саттық тығыз байланыстырады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

Қазақ пен қырғыз – тамыры мен тілі бір, тарихы ортақ, бауырлас халықтар. Біздің дәстүріміз бен мәдениетіміз де ортақ. Сондықтан қырғыз ағайынның әр жетістігін, бағындырған әр белесін ерекше қуанышпен қабылдаймыз. Қырғызстан заң шығару органының 85 жылдығы, шын мәнінде, елдің мерейі. Бұл берік мемлекеттіліктің жарқын көрінісі.

Жоғары кеңестің тамыры ақсақалдар кеңесінен бастау алады. Сол кездегі қазақ жұртымен байланысты бүгінгі депутаттары қаз қалпында жалғап келеді ,дейді Жоғарғы кеңес депутаттары.

Шыңғыс Айдарбеков, Қырғыз республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаты:

Бірнеше жыл ішінде жетінші шақырылым депутаттары келгеннен кейін бір топ іс-шараларды біз өткердік. Қазақстанға барды сапарлармен депутаттар. Жоғары кеңес төрағасының іс сапары болды. Бізге де делегациялар келді. Мен комитеттің төрағасы болып тұрғанда чоң іс шараны өткердік. Біздің екі мемлекеттің арасында мәмілелер өте бекем. Жақсы өсіп, өркендеп жатыр.

Сапар аясында Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Төрағасы Танзила Нарбаевамен және Ресей Федералдық Жиналысы Федерациясы Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен екіжақты кездесу өткізді. Сұхбат кезінде тараптар парламентаралық іс-қимылды арттыру, мәдени және гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Хабарламаларға жазылу