Ұйғыр ауданында ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы ескі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұйғыр ауданында ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы ескі

16.11.2023

Алматы облысының Ұйғыр ауданында ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы ескі. Сондықтан 160 мың гектар жердегі егіндік пен мал азығын шабуға небәрі 7 комбайн жұмылдырылады. Техника тапшылығы аймақтағы диқандардың жұмысына көп кедергі келтіріп тұр. Осы өзекті мәселені шешу мақсатында жергілікті билік ауылшаруашылығы техникаларының көрмесін ұйымдастырды.

Қырғызсай ауылдық округінен келген Дәулеткерей Сәбибек батбапқа батпайтын, күн ара бұзылып жатпайтын трактор іздеп жүр. Былтыр ғана шаруа қожалығын құрған азаматтың меншігінде 42 мың гектар жер бар. Енді көктемгі егіс науқанына қамдану керек.

Дәулеткерей Сәбибек, диқан:

Біздің бұрынғы техникалар ескірген. Соған мына трактор басқаларға қарағанда қолайлы, жан-жақты екен. Бізге жер егіп, шаруашылық жасауға қолайлы. Сол үшін құжаттарымызды өткізіп жатырмыз.

Диқан таңдаған трактор бағасы - 14 млн теңге. Бірақ, техника құнының 30 пайызын мемлекет субсидиялайды. Ал, қалғанын фермерлердің өздері төмен үстемақымен бөліп төлейді. Мұндай жеңілдікті естіген 100-ге жуық шаруа Шонжының орталығына жиналды. Олардың назарына отандық 7 ірі компания техниканың 17 түрін ұсынды.

Дастан Құдабаев, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары:

Аудан көлемінде 457 жылжымалы техника тіркелген, одан бөлек 780-ге жуық аспалы техника тіркелген. Бірақ бүгінгі күні солардың 80 пайызы ескірген. Әрине, бұл төңіректе мемлекет тарапынан бағдарламалар жүріп жатыр. Соны сөзбен жеткізгеннен гөрі өз қолдарымен ұстап көрсін деп осы шараны ұйымдастырып жатырмыз.

Ұйғыр ауданында 3600-ге жуық азамат ауыл шаруашылығымен айналысады. Олардың меншігінде 160 мың гектар жер бар. Өнім көлемі жыл санып артып келеді. Шаруалардың айтуынша, техника жаңарып, көбейсе, бұл көрсеткіш еселеніп, аудан экономикасы өркендей түседі.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу