Әскери резервке қабылданып, табысты арттыруға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери резервке қабылданып, табысты арттыруға болады

15.11.2023

Көп табыс тауып, жалақыңызды арттырғыңыз келсе, әскерге барыңыз. Енді өзіңіздің тұрақты жұмысыңызда істеп жүріп, әскери резевке қабылдана аласыз. Одан не ұтасыз? Қосымша айлық аласыз. Тек, белгіленген уақытта әскерге барып, жаттығудан өтіп тұруыңыз керек. Бірақ, бетін аулақ қылсын қандай да бір жағдай болса, ел тыныштығын қорғауға аттанасыз. Әскери қызметтің жаңа түрі жайлы Самал Қабышева толығырақ.

«Әскери резервке қабылданғандардың табысы артады»,- деді заң жобасын таныстырған Қорғаныс министрі. Жаңа құжатқа тыңғылықты дайындалып келгені сонша, естіген адамды елең еткізеді. Сонымен, кәмілетке толғандардың барлығы әскерге өз қалауымен, ерікті түрде резервке қабылдана алады. Бастысы, іріктеуден өтсе болғаны. Қорғаныс министрлігімен 3 жылға келісімшартқа отырады.

Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:

Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Жиын 30 күн. Сабақ ай сайын екі-үш күн болады. Оған қаражат республикалық бюджет есебінен осы санаттағы адамдарға ай сайын ең төменгі жалақы, екінші жиын кезінде орташа жалақы төлеу жоспарлануда. Әскери резервтегі адам, қызмет еткен кезде, жұмыс орны сақталады.

Яғни, кез-келген адам өз жұмысын істей жүріп әскери резервке тұра алады. Белгіленген уақыттағы оқу-жаттығудан өтіп тұрса болғаны, есесіне қосымша қаражат алып отырады. Айта кетейік, қазір елімізде ең төменгі жалақы 70 мың, ал орташа айлық 350 мың теңге деп белгіленген.

Ермұрат Бәпи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қарапайым тілмен айтқанда резервтегі әскери қызметкер военкоматқа, әскери комиссариатқа бармайды. Бірден өзінің дайындық өткен әскери бөліміне тікелей барады. Әскери қызметшілердің қосымша штат санына бірнеше мың жауынгер болады.

Резервке қабылданғандар әскери бөлімдерде дайындықты жүзеге асырады. Оларға қару-жарақ пен жауынгерлік техника бекітіледі. Тек өз облысының аумағында ғана қызмет етеді. Яғни, сіз Алматыда жұмыс істеп Астанада әскери резервке тұра алмайсыз.

Самал Қабышева, тілші:

Әскери қызметтің жаңа түрі – резервтегі қызмет елімізде 2025 жылы жүзеге асады деп жоспарлануда. Тиісті заң жобасы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында таныстырылды. Депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлданды.

Хабарламаларға жазылу