Қазақстандағы ЖЭО-ның орташа пайдалану мерзімі - 61 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы ЖЭО-ның орташа пайдалану мерзімі - 61 жыл

12.11.2023

Коммуналдық инфрақұрылымның тозуы - бұрыннан келе жатқан өзекті мәселе. Тіпті, мұны ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатер деуге де болады. Оған былтыр қыста Екібастұзда болған апат дәлел.

Ал биыл көктемде Президент елдегі жылу электр станцияларының жартысынан көбі ескіріп, қауіпті жағдайда тұрғанын айтқан. Тіпті, қалалардағы коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі 80 пайыздан асқанын да атап өткен еді.

Республика бойынша жылу желілерінің орташа тозуы шамамен 54%-ды құраса, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 80 қалада бұл көрсеткіш 92%-ға дейін жеткен. Ашығын айтсақ бұл апатты жағдай болып есептеледі. Яғни, салада жабдықтардың тозу деңгейі 65%-тен асса, кез келген сәтте төтенше оқиға болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет саладағы мәселелерді шешудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр.

Айталық Қазақстанда инвестиция тарту арқылы муниципалдық инфрақұрылымды жаңғырту көзделген. Арнайы бағдарлама әзірленген. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы деп аталады.

Биыл осы бастама арқылы салаға 267 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның үштен бір бөлігі облыстағы кәсіпорындарды тікелей жөндеуге және жаңғыртуға арналған. Бұдан бөлек, 62 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту үшін 3 трлн теңге тарту көзделген. Бірақ мұның өзі 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға дейін ғана төмендетуге жетеді.

Бұл жерде ескеретін маңызды бір дүние бар. Тұтынушылардың коммуналдық қызмет құнын уақытылы төлемеуі де тозған инфрақұрылымды жөндеу мен жаңғыртуға кедергі келтіріп отыр. Коммуналдық төлемдер үшін қарыз 62 млрд теңгеге жеткен. Ал жаңа тарифтік саясат коммуналдық желілердің тозуын тежей ала ма? Серік Жұмабек зерттеп көрді.

Еліміздің энергетика саласы күн өткен сайын көнеріп барады. Республика бойынша шамамен 128 мың шақырым жылу, сумен жабдықтау және су құбыры желісі болса, оның 51% тозған.

Серік Жұмабек, тілші:

Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздегі барлық ЖЭО-ның орташа жасы 61 жыл. Тіпті, 1930 жылдары салынғандары да бар көрінеді. Олардың тозу көрсеткіші шамамен 66% болса, жылу желілерінің 80%-ға жуығы ескіріп кеткен.

Қазақстан бойынша 37 ЖЭО бар. Министрлік өкілдері олардың 4 пайызы қысқа дайындық паспортын әлі алмағанын айтады. Бірақ соған қарамастан жылу беру маусымын бастап кеткен.

Ержан Темірханов, жылу энергетика саласының сарапшысы:

Күзгі, қысқы мерзімде жасайтын паспортты кейбір қалаларға бермей жатыр. Мысалы, Теміртау, Павлодарда, айттық қой жаңа 3 қала бар деп, олар алды ма, алмады ма қай жерден оқуға болады, еш жерде жоқ. Уақыты өтіп кетті паспорт алатын, 30 қыркүйекке дейін жасау керек еді. Еш жерде жоқ.

Тозған инфрақұрлымды жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Сала мамандары егер бұлай жалғаса берсе, апатты жағдай қайталана ма деп қорқады.

Ержан Темірханов, жылу энергетика саласының сарапшысы:

Қыста бір екі, үш күн минус болып кетсе, 38, 40-тан асып кетсе, сол жетеді екі, үш күн. Екібастұз қайталанады. Риддер қайталанады.

Елдегі барлық энергетикалық инфрақұрылымды толықтай жаңарту үшін мемлекет инвестиция тартудан бөлек, тариф бағасын көтеруге көшкен. Биыл коммуналдық тарифтер тағы 30% өсті. Сарапшылар, Үкімет мұндай қадамға амалсыздан барып отырғанын айтады. Себебі тариф бағасын көтермесе елдегі тозған коммуналдық жүйе техногендік күйреуге тап болуы мүмкін.

Мирас Зеріпбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:

Бұл қызметті пайдаланатын нақты тұтынушылар. Инвестиция тартылған жағдайдың өзінде 3-4 жыл каникул болады, демалыс алады. Одан кейін ол ақшаны қайтаруымыз тиіс. Ол ақшаның қайтарылуы сол тариф арқылы жүзеге асырылады.

Азат Толқынұлы, Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

Жылу электр жүйесінде 130 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Оны инвестиция құйылған деп айтсақ дұрыс болады. Өйткені оның ішінде 40,1 млрд сомасы халықтың тарифынан жиналған қаржы.

Тарифтен түскен қаражат коммуналдық желілерді толықтай жаңартуға жетпейді. Бірақ жалпы шығынның шамамен 30% жабуға мүмкіндік береді. Әйтсе де ақша болған күннің өзінде жөндеу, жаңарту жұмыстары бүгін, ертең біте қоймайды дейді мамандар.

Әзімбек Пазылбекұлы, Құрылыс және ЖКХ комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

Жылу желілерін толық алмастырудың өзіне 2,5 триллиондай қаражат керек. Оның бәрін бір мезетте бүкіл Қазақстанды, бүкіл елдің аумағын қазып тастау мүмкін емес. Жоспар бекітілген бірінші кезекте тозу деңгейі қай жерде жоғары 75 пайыздан жоғары елдімекендердің жылу желілерін алмастыруға жобалар жасалып, бар күш сол елдімекендерге берілетін болады.

Өкініштісі, елімізде жөндеу, жаңғырту жұмыстарына қажетті коммуналдық қызмет құнын төлемейтіндер көбейіп барады. Тіпті, қарызын 3 ай бойы үздіксіз өтемеген тұрғындар да бар.

Мирас Зеріпбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:

Жылу, су, газбен жабдықтау және суды бұру кәріздері осы 4 сала бойынша айтатын болсақ, ағымдағы жылдың бірінші қазанындағы жағдай бойынша 62 млрд теңге берешектері бар. Оның ішінде шамамен 15 млрд теңге жеке тұлғалардың қарызы, 45 млрд теңге заңды тұлғалардың және бюджеттік мекемелердің қарыздары.

62 млрд теңгеге 5 ЖЭО ретке келтіріп, Кентау секілді 5 қаланы үздіксіз қамтамасыз етуге немесе 170 шақырым жылу желісін жөндеуге болады екен. Халық қарызын төлесе, әрине.

Елдегі инвестициялық климаттың құбылмалы екенін ескерсек, тозған коммуналдық желіні жөндеу мен жаңартуға тарифтік төлемдер аздық ететіні сөзсіз. Сол үшін мемлекет «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын қайта іске қосты.

Мирас Зеріпбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары:

Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы дегеніміз жүктемені тек қана тарифке салу емес, ол жақта бюджеттің ақшасы да инвестиция болып саналады. Ол жақта кәсіпкерлердің өзінің берген ақшалары бар, ол да инвестиция болып саналады.

Жауаптылар аталған бағдарлама арқылы тарифтен түсетін қаржыны қадағалап, тікелей өндірісті жаңғыртуға жұмсауға болатынын айтады. Бірақ бір парадокс бар. Жыл сайынғы инфляция мен қатар келетін жалақы, тауар, азық-түлік бағасының өсуі сынды факторлар, коммуналдық желіні 2030 жылға дейін толықтай жаңартамыз деген амбициялық мақсатқа жеткізе қоя ма?!

Ержан Темірханов, жылу энергетика саласының сарапшысы:

Инвестицияны миллиондап тұрып құяды, өздері тағы да айтады бізде тозу 90%, 80% деп. Қарау керек осынша инвестиция салдың, осынша жұмыс жасадың қалай сонда тозу көп болады. Ол сонда қалай сәйкес келмей тұр ғой. Инвестицияларын жазады ғой жылына бір рет жариялап. Олардың құйған ақшаларын салсаң орнына жаңадан ЖЭО салып қоятын жағдайға жетті.

Энергетика саласында 40 жылдай еңбек еткен Ержан Темірханов тарифті тұрақтандырудың төте жолы жариялылық деп санайды. Яғни, өңір тұрғындары коммуналдық инфрақұрлымға қанша қаражат бөлініп, қандай жұмыстар істелгенін біліп отыруы керек.

Ержан Темірханов, жылу энергетика саласының сарапшысы:

Заң бойынша олар халықты жинап бұл сұрақты көтеру керек. Осынша ақша салдық, осынша ремонт жасадық деп. Бірақ ол жасалмайды. Кім жасады сараптаманы, не айтты сараптамашылар, ол тағы да құпия. Құпияны ашу керек.

Елдегі жылу электр орталықтарының 40 пайызы жекеменшікке тиесілі. Бір қызығы, жауапты министрліктер оларға нақты талап қоя алмайтын көрінеді. Сол үшін де, энергетика саласын толықтай мемлекет меншігіне өткізу керек деген ұсыныс жиі айтылып жүр. Әйтсе де «Жылу энергетикасы туралы» арнайы заң қабылданбай, коммуналдық сала жәй ұсыныспен жақсара қоймас.

Серік Жұмабек, тілші:

Сарапшылар Үкімет тарифтен түскен қаражат пен инвестицияны ұтымды пайдаланса, энергетика саласы дағдарыстан құтылар еді дейді. Мемлекет модернизацияға сеп болар деп соңғы он жылда тарифті 10-20 пайызға өсірді. Бірақ саланың түбегейлі жаңарар түрі жоқ. Ескіні жамап-жасқап әлі қанша қысты өткізеріміз белгісіз.

 Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу