Шымкентте тұтас аудан тұрғындары суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте тұтас аудан тұрғындары суға зәру

11.11.2023

Шымкентте ауыз су жүйесін тартуға бөлінген миллиардтаған қаржыдан қайыр болмады. Құрсай мөлтекауданына жүргізілген ауыз су жүйесі екі жылдан бері кәдеге аспай қаңырап тұр. Құбыр тартылғанымен су жоқ.

Құрсайдағы әрбір үйге ауыз су ауыр бейнетпен келеді. Көлік мінгендер ауыз суды алыстан тасып ішеді, ақшасы бары сатып ішеді. Әр үйдің ауласында темір ыдыс. Айына екі рет арнайы көлікке тапсырыс беріп, осында құйдырып алады. Бір машинесі 6,5-7 мың теңге.

Құлпынай Файзулла, қала тұрғыны:

Әкелген су тұрған соң ескіріп кетеді. Сарғаяды, соны ішеміз. Ақ шелекке құйған соң тұнады, соның бетіндегісін ішеміз.

Мұндағы әрбір көшеге, тіпті үйдің алдына дейін әлдеқашан құбыр тартылып қойған. Бірақ 17 мың абоненттің құдығынан әлі күнге тамшы тамбаған.

Ерғали Битеміров, қала тұрғыны:

2 жыл болды қазып тастап кеткеніне. Тұрбаның не болып жатқанын құдай білсін. Есептегіш те қойған жоқ. Шлангілер шошайып шығып жатыр. Уәдені бере береді. Қазірге дейін үш рет өзгерді. Қатырамыз дейді. Бұл жақта біз қатып жатырмыз.

Құрсай шағын ауданына ауыз су жүйесін жүргізуге 5,6 миллиард теңге бөлінген. Тұрғындардың тұрмысын жақсартады деген желі енді олардың өміріне қауіп төндіріп тұр.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Ауыз су жүйесін ел әлі пайдаланбай жатып, бұйымдары бүлініп, ұрлануда. Құбырлар кесілген, ал құдықтардың аузы жартылай сынып, мынадай боп жатыр.

Аймаққа су апару үшін жалпы ұзындығы 335 шақырым құбыр тартылды. Әкімдік істі аяқтаудың орнына бастапқы жобаны әлі өзгертумен келеді.

Ақарыс Боранбай, қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:

Жобада өзгеріс болды. Жобалаушы мекемелермен зерделеу жүргіздік. Өзгерген жерлері бар. Құрсайда үйлер көптеп салынып жатыр. Сол үшін біз оларды да жобаға қосып жатырмыз.

Инфрақұрылымның дер кезінде аяқталмауына су жинайтын мұнара құрылысының бітпей жатқаны да себеп. Мердігер компания уәдесінен тағы да тайқып кетпесе құрсайлықтар жылдың соңында ауыз судың азабынан құтылмақ.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ


шымкент ауыз су су тапшылығы құбыр

Хабарламаларға жазылу