Пара спортшыларға құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пара спортшыларға құрмет көрсетілді

10.11.2023

Ханчжоудағы дүбірлі додада ел намысын асқақтатқан пара спортшыларға құрмет көрсетілді. Үкімет басшысы Әлхан Смайылов төртінші Пара Азия ойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, премьер-министр жетістікке жету жолында паралимпиадашыларға қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар да ерекше құрметке лайық екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Бұл жетістік қазақ спортының тарихына алтын әріппен жазылатын болады. Саңылақ спортшыларымыз мемлекетіміздің мерейін арттырып, абыройын асқақтатты. Біз оларды жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек яғни сіздергі үлгі етеміз. Қазақстандықтар сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады.

Төрт жыл сайын болатын сары құрлық бәсекесінде ұлттық құраманың 131 өкілі спорттың 14 түрінен бақ сынады. Нәтижесінде 41 медаль жеңіп алды, оның 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль. Жалпы командалық есепте Қазақстан 44 қатысушы ел арасында 11-ші орынға көтерілді.

Ақмарал Науатбек, Пара Азия ойындарының чемпионы:

Төртінші Азия ойындарында біздің құрама пара дзюдодан жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды. Біз 3 алтын, 4 күміс, 7 қолаға қол жеткіздік. Бұл – өте үлкен жетістік. Себебі, алдыңғы пара Азия ойындарында алтын медаль болған жоқ. Қазақ еліне қуаныш сыйлағанымызға, жанкүйерлер көп жылы сөз айтты алғысым шексіз, қазақ халқына.

Жалғас Тайкен, Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері:

Бұл менің бірінші Азия ойындарым. Жалпы, пара-каноешылар үшін Қытайдағы жарыс дебюттік бәсеке болды. Қатысқан 4 адамда жүлдеге ие болды. Бұл бастапқыға жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Енді алдағы жарыстарда жеңімпаз атанып Олимпиада ойындарындың лизенциясын жеңіп алуға барымызды саламыз. Бізді қолдаған отандастарыма және отбасыма рақмет айтамын.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу