Өңіраралық форум: Әлем алдында ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңіраралық форум: Әлем алдында ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеру міндеті тұр

09.11.2023

Бүгінде әлем алдында ауылшаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, өнімділікті көтеру міндеті тұр. Себебі ғалымдардың болжауынша жер бетінде азық-түлікке сұраныс 2050-ші жылдары екі есеге өседі. Бұл туралы Қостанайда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумында айтылды. Басқосуда көтерілген басқа да қадау-қадау мәселелер жайлы Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.

Дәуренбек әбдібек, тілші:

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық әріптестік форумы алғаш рет 2003-ші жылы көрші елдің Омбы қаласында өткен. Содан бері үзбей жалғасып келеді. Биыл 19-шы форумға Қостанай қаласы таңдалды. Себебі бұл басқосудың тақырыбы ауылшаруашылығы. Ал Қостанай қашаннан алқабында алтын астығы жайқалып, төскейінде төрт түлігі өрген өңір.

Азық – түлік қауіпсіздігі, ауылшаруашылығын сандық жүйеге көшіру және жастарды осы салаға тарту. Кезекті форумда талқыға түскен ең басты мәселелер осы. Екі елге де ортақ түйткіл. Шешімнің бір жолы – ғылым жолында бірігу. Селекцияны дамыту әрі күтімі қарапайым, өнімділігі жоғары соррттар шығару. Су көздерін үнемді пайдаланудың тиімді тәсілдерін енгізу. Ал ғылымдағы ынтымақтастық – біріккен оқу орындарын ашудан басталуы тиіс.

Ақылбек Күрішбаев, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректор:

Ресейдің аграрлық университеттерінің филиалдары Қазақстанда жоқ. Ашылмаған. Біздің филиалдар Ресейде ашылмаған. Сондықтан менің ұсынысым Тимирязев атындағы аграрлық академияны біздің ұлттық аграрлық университеттің базасында ашуымыз керек. Оған ресейліктер зерттеп, жауабын айтатын болады.

Ауыл тұрғындары қартайып барады. Бұл да екі елге ортақ проблема. Жастар тұрақтамайды. Жастар жоқ жерде болашақ жоқ. Жағдайды жақсы жағына қарай өзгертудің жалғыз жолы – ауылдарды көркейту.

Виктор Томенко, РФ Алтай аймағының губернаторы:

Қала мен ауыл тұрғынының өмір сүру деңгейін теңестіру қажет. Бұл – әлеуметтік, спорттық, ойын-сауық нысандарын салу, инфрақұрылымды дамыту. Лайықты еңбекақы төлеу. Сонда ауылдарда жастар көбейеді деп ойлаймын.

Екі елдің шекаралас аймақтары арасында сауда саттық жолға қойылған. Ресейлік компаниялар Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі. Соңғы жылдарда елімізге 42 шетелдік компания бизнес нысандарын ашса, соның 19-ы ресейлік кәсіпорын. Алайда арадағы алыс-берісті тежейтін түйткілдер де бар.

Анна Усачева, РФ Логистикалық компаниясының басшысы:

Әлбетте біз екі жақты тиімді экспорт-импортты арттыра түсуге әлеуетіміз жетеді. Алайда логистика, кедендік заңнама, сертификаттау тәртібіне бірізділіктің жоқтығынан түрлі кедергілер туындайды. Бүгінгі форумнан кейін ондай түйткілдер оң шешіледі деген ойдамын.

Еңбек өнімділігін артырудың тағы бір заманауи жолы – өндірісті сандық жүйеге көшіру.

Темір Лесбек, Ет өңдеу кәсіпорнының басшысы:

Форумға келген себебіміз – біз өндіріске сандық жүйе енгізгіміз келеді. Сол үшін сандық жүйе туралы екінші секцияға қатысудамыз. Содан өзімізге пайдалы технология алғымыз келеді. Бізге қажетті технологиялар табу керек, сосын сол компанияармен әрі қарай ынтымақтастық орнатамыз.

Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы ауылшаруашылығы тауарының айналымы 3,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл 21-ші жылмен салыстырғанда 23 пайызға артқан. Бүгін форум қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды. Көршілердің өзара барлық келісімдерінің мақсаты біреу – екі жаққа да тиімді экономикалық қатынасты нығайту.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу