Форумнан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңында келгеніне назар аударып, сапарды «саяси және тарихи мәні зор» деп сипаттады. Әрі екі ел арасында барлық бағыттағы ықпалдастық табысты дамып келе жатқанын мәлімдеді. Ресей президенті де стратегиялық серіктестікте ілгерілеу барын айтып, бүгінгі кездесудің маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы 3 жылда тауар айналымының көлемі 30 пайыздан астам өсті және бұл оң үрдіс жалғасуда. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 17 миллиард долларды құрады. Бұл да – рекордтық көрсеткіш. Мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық белсенді түрде ілгерілеп келеді. Еліміздің аумағы арқылы Ресей мұнайын Қытайға, сондай-ақ газын Өзбекстанға тасымалдау жөніндегі уағдаластықтар энергетика саласындағы ықпалдастықты мүлде жаңа деңгейге көтерді.
В.Путин: Екі ел - ең жақын одақтастар
Ал ресми делегациялардың қатысуымен өткен келіссөзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдасын еселей түсудің жолын айтты. Әрі достық әрі тату көршілік қарым-қатынасты сақтап қалудың маңыздылығына тоқталды. Ал Владимир Путин екі ел «ең жақын одақтастар» деп мәлімдеді.
Екі ел басшылары келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екі елдің даму жолдарын өз бетінше әрі дербес таңдауы қос тарапқа кедергі келтірмейді, керісінше, бұл тең құқылы және өзара тиімді әріптестіктің пайдалы жағын еселей түседі. Мұны Қазақстанда да, Ресейде де жақсы түсінеді. Ғасырлар бойы бір-бірімен қоңсылас өмір сүрген ата-бабаларымыз достық, сенім мен тату көршілік қарым-қатынастың мызғымас құндылықтарын бізге аманат етті. Біз бұл құндылықтарды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек.
Владимир Путин, РФ Президенті:
Ресей мен Қазақстан – жай ғана емес, ең жақын одақтастар. Мұндай қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Халықтарымыздың игілігіне қалтқысыз қызмет ететін байланыстарымызды нығайту дәстүрін жалғастырып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келеді.
5 құжатқа қол қойылды
Келіссөз нәтижесінде тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі аспектілерін талқылады. Әрі бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Президенттер қос тараптың алдағы екі жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітті. Ал делегация мүшелері 5 құжатқа қол қойды. Оның ішінде «Көкшетау», «Семей» және «Өскемен» жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша меморандум бар. Көкшетауда салынатын жылу электр орталығының құрылысы келесі жылы басталады.
Данияр Қайыртай