Қазақстан мен Ресей президенттері XIX өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Ресей президенттері XIX өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

Қазақстан мен Ресей президенттері XIX өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

«Біз Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында осылай деді. Әрі осы форумда елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екі жақтың құқығы мен мүдделері теңдей ескерілген жаңа тәсілдер әзірленетініне сенім білдірді.

Данияр Қайыртай, тілші:

Ресей президентінің ресми сапары, әдеттегідей, келіссөздерден басталған жоқ. Екі ел басшылары алдымен Қостанайда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайналыс арқылы қатысты. Форумды ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «осы диалог алаңы екіжақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға сеп болғанын» айтты.
Қазір өзара тауар айналымы 10 пайыз өсім көрсетіп, 27 млрд долларға жеткен. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Ал Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асып отыр. Айталық, Қазақстандағы шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы – Ресейдікі. Осындай деректер ді келтірген президент экономиканың түрлі саласында тығыз қарым-қатынас орнағанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Tоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жақында Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының іске қосылуы айтулы оқиға болды. «Татнефть» компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін Қазақстан-Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды.

Данияр Қайыртай, тілші:

4 жылдан бері Өндірістік кооперация бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд доллардан асатын 30 жоба іске асырылған. Алда тағы 60 жоба жүзеге аспақ. Олардың жалпы құны 27 млрд доллардан асады. Ал биыл ауыл шаруашылығы тақырыбын арқау еткен Қостанайдағы форум агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара сауда мен кооперацияны жетілдіруге мүмкіндік бермек. Мемлекет басшысы Қазақстан аграрлық секторды индустрияландыруға мән беріп отырғанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Tоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдағы жылдары 115 тауарлы сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын пайдалануға береміз. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Данияр Қайыртай, тілші:

Президент логистика және қойма жүйесінің тапшылығына тоқталды. Осы олқылықтың кесірінен екі ел шығаратын агроөнімнің 40 пайызы шығынға ұшырайды деді.
Қасым-Жомарт Tоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан жуық арада климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бізде Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдері сияқты келешегі зор өнім өткізу нарықтары бар. Олардың азық-түлікке сұранысы ұлғая түскенін ескерсек, «Солтүстік – Оңүстік» көлік дәлізінің де рөлі күшейеді.
Данияр Қайыртай, тілші:

Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде заманауи аграрлық ғылымды дамытып, агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны енгізу ісін атады. Әрі бірлескен агроинновация орталықтарын құруды үсынды. Дақылдар тұқымын көбейту де стратегиялық міндетке жатады. Минералдық тыңайтқыштар нарығында да проблема бар. Ал Ресей осы өнімді экспорттау бойынша әлемде көш бастап тұр. Қазақстанда да Ресей тыңайтқыштарының импорты артқан. Ал мұның салдары отандық кәсіпорындарға тиіп отыр деді Президент.
Қасым-Жомарт Tоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығында бір-бірімізбен бәсекелеспеуіміз керек. Біз бірлесе отырып, фермерлерімізге тыңайтқыштарды қол жетімді ету және сыртқы нарықтарға шығу жолдарын іздестіруіміз қажет. Қазақстан азық-түлік, тыңайтқыш және дақыл тұқымдары халықаралық санкциялық шектеулерге ілікпеуі керек деген позицияны ұстанады.
Данияр Қайыртай, тілші:

Президент Қазақстан үшін су тапшылығы келешекте өзекті проблемаға айналатынын айтты. Осы үшін 2027 жылға дейін 20 су қоймасын салып, 15 су қоймасын жөндеу көзделіп отыр. 3 жарым мың км каналды жаңғырту да жоспарда бар. Бұл жұмыстар елді қосымша 2 текше км сумен қамтамасыз етеді.
Қасым-Жомарт Tоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ресеймен бірге Жайық, Ертіс секілді ірі өзендердің бассейіндерінде зерттеу жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты жандандыру үшін Бірыңғай жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай күрделі проблеманы шешуге бір ғана елдің күш-жігері жетпейді. Бұл мәселені мүдделер теңгерімін сақтап, бірлесе әрекет ету арқылы шешу қажет.
Данияр Қайыртай, тілші:

Ал В.Путин Ресейдің 76 аймағы Қазақстанның облыстарымен тікелей серіктестік орнатқанына мән берді. Әрі елдердің аграрлық саладағы байланыстары нығаюына ортақ ұйымдардың септігі тиіп жатқанын айтты. Қазір Еуразия экономикалық одағына мүше елдер ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша өзін-өзі толық қамтып отыр деді.
Владимир Путин, РФ Президенті:

Біздің ұйым астық өндіру мен сату бойынша алдыңғы қатарда. Ресейде биыл егін бітік шығып, бидай экспорты 60 млн тонна деңгейінде болады. Басқа да дақылдар бойынша көрсеткіш жоғары деңгейде.
Данияр Қайыртай, тілші:

Президент Қ.Тоқаев форумнан соң азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екі жақтың құқығы мен мүдделері теңдей ескерілген ортақ келісім жасалатынына сенім білдірді. Іс-шара қорытындысында тараптар жалпы құны 100 млн долларға жететін бірқатар коммерциялық шарттарға да қол қойды. Ал кезекті форум ендігі жылы Ресейдің Уфа қаласында өтпек.

Данияр Қайыртай

Бөлісу