«Мал қоралар құмға көміле бастады»: Амангелді ауылы тұрғындарының бейнеті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мал қоралар құмға көміле бастады»: Амангелді ауылы тұрғындарының бейнеті

09.11.2023

Құм мен су құрсауында қалған ауыл. Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Амангелді елдімекені көктемде су тасқынынан, жаз бен күзде құм көшкінінен зардап шегіп келеді.

Тұрғындар жаз бойы топырақ борап тұратындықтан есік-терезені аша алмаймыз дейді. Қазір кейбір сарайлар мен қоралар құмға көміле бастаған.Ауылдан шыға беріс жолдың өзімен көліктер әрең өтеді.

Қуаныш Қыстаубай, ауыл тұрғыны:

Құмға амал жоқ. Сондықтан бұл жерге Үкіметтен көмек керек.Үлкен мәселе. Ауылдың құм астында қалу қаупі бар.Бұған тал отырғызу керек.Талдың түр-түрі бар, жыңғыл, жиде, қараағаш деген сияқты.

Амангелділіктер құм тоқтату жұмыстарының жүргізілгенін күтіп отыр. Одан бөлек, су тасқынына қарсы шаралар да қолға алынуы тиіс. Өйткені көктемде аулаларға су кірді. Ауыл азаматтары он бес күн бойы қолдан бөгет жасады. Үш мыңнан аса қапшыққа құм толтырылды. Бұл жағдайдан кейін аудан басшылығы демеуші тауып, 22 млн теңгеге судың жолына бөгет салынды. Дегенмен, тұрғындар елді мекеннің өзен жақ бетін де бекіту керек дейді. Өйткені тасқын қайталанар болса, табиғаттың тосын мінезіне ауыл тұрғындары өз күшімен қарсы тұра алмайды.

Саян Сүлейменов, аудан әкімінің міндетін атқарушы:

Келісіп, сол жерге 2 км 500 метрге бөгет салғыздық. Дұрыс шықты деп ойлаймын. Нағыз судың келетін арнасына, тапап, бордан, инерттік материалдан бөгет салып бердік.Енді алдағы көктемде халқымызға, тұрғындарға ондай проблема болмайды деп ойлаймын.

Жақсыбек Кемал


Ақтөбе облысы

Хабарламаларға жазылу