Шығыс Қазақстан облысында қызылша дертімен ауырғандар күрт көбейіп кетті. Аймақта жыл басынан бері бұл індетке 60 адам шалдыққан. Науқастардың 90 пайызы балалар. Мамандардың айтуынша олардың көбі қызылшаға қарсы вакцина алмаған. Дегенмен аурудың бұл түрі жұқпалы болғанмен уақытылы медициналық көмекке жүгінсе шипасы бар. Тек ауру асқынып кетсе емделуі қиын болады. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарға балаға қажетті вакцинаны уақытында салдыруға үгіттеп жатыр.
Қанат Тұрдиев, облыстық санитариялық –эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
Жаңағы 60 адамды алатын болсақ, сол 60 адамның қырық алтысы екпе алмаған аурулар. Ал егер Өскемен қаласына келетін болсақ, 46 адам ауруға ұшырған. Отыз алтысы екпе алмаған. Жалпы қызылшаға қарсы арнайы ем жоқ. Сондықтан бұның бірден- бір тиімді жолы қорғаныстың бұл екпе алу.
Еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері қызылшаға қарсы екпе науқанын бастау жөнінде арнайы қаулы шығарды. Енді қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 6 және 11 айлық сәбилерге, ал желтоқсаннан бастап 2 және 4 жастағы балаларды қосымша жаппай иммундау жасалады. Вакцинаның бұл түрі барлық адамға тегін.
Олжас Керейхан