Сыр өңірінде тағы бір ауыл газдандырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде тағы бір ауыл газдандырылды

06.11.2023

Қызылорда облысы, Сырдария ауданында Қалжан-Ахун ауылына табиғи газ берілді. Елдімекенге көгілдір отын «Ауыл - ел бесігі» ұлттық жобасы аясында тартылды. Сондай-ақ, осы күні жаңадан сайланған аудан әкімі актив отырысында таныстырылып, қызметіне кірісті.

Қос ауданның әкімін халық сайлады

Сыр өңірінде алғаш рет Сырдария мен Шиелі аудандарының әкімін халық сайлады. Жергілікті саяси додаға барлығы 6 кандидат үміткер болды. Сайлаушылардың 84,2 пайыз дауысына ие болған Берік Сәрменбаевқа сырдариялықтар сенім артты.

Әділбек Ерсұлтанов, Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

Сайлаушылардың басым даусына ие болған кандидат Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы Сырдария ауданының әкімі болып сайланды, аудандық сайлау комиссиясы әкім ретінде ресми тіркеді.

Қалжан-Ахун ауылына газ берілді

Ал аудан орталығына іргелес орналасқан Қалжан-ахун ауылына табиғи газ берілді. Жобаға 300 миллион теңгеден астам қаржы қаралып, 200-ге жуық тұрғын үйге газ құбыры тартылды. Қоңыр күзде көгілдір отынға қол жеткізген елді мекен жұртшылығы көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылғанына дән риза.

 Балтөре Мамаева, ауыл тұрғыны:

Ауыл тұрғындарының бәрі үлкен қуанышта, асыға күттік. Облыс әкімі берген уәдесін орындап, Президентімізден бастап ауылға көңіл бөліп, осындай жақсы тұрмысқа жеткізіп жатқанынана рахмет айтамыз. Күндіз-түні үйіміз жылы тұрады.

Жалпы биыл облыс аумағында 12 ауылға табиғи газ желісі тартылып жатыр. Келер жылы да бірқатар елді мекен жоспарға енген. Игі бастамалар жүзеге асса, аймақта көгілдір отынның игілігін көріп отырған халықтың үлесі 75 пайызға жетпек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу