Ақтөбе облысының тұрғындары сапасыз жолға наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының тұрғындары сапасыз жолға наразы

06.11.2023

Ақтөбе облысында он ауылдың тұрғындары жолдың нашарлығынан аудан орталығына әрең қатынап жүр. Ойыл мен Көптоғай елдімекендерін қосатын бұл жолдың құрылысы 2021-ші жылы аяқталған. Алайда, арада жыл өтпей жатып, жарамсыз күйге түсті. Ал Қарасу ауылының халқы жолдың ғана емес, ауыз судың да зардабын тартып отыр. Өйткені елдімекенге құбыр тарту үшін қазылған құдықтар көміліп қалған. Осылайша, жұмысты қайта істеуге тура келіп отыр.

 Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл өзен саласы немесе қандай да бір арық емес, су құбырын жүргізу үшін қазылған жыра. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, іші жаңбыр суына толған. Бұған жақын маңдағы ауылдың оннан аса малы түсіп, арам өлген.

Қарасу ауылына ауыз су осы күзде берілуі тиіс еді. Алайда, бір жыл бұрын қазылған жыралар көктемде суға толып қалған. Кейбір жерлері құлап, көмілген. Сондықтан құрылыс кешеуілдеп жатыр. Сапасыз жасалып жатқан жұмыстың зардабын көрші ауылдың халқы да тартып отыр. Өйткені, төрт түлігін өріске шығару үшін біраз жерді айналып өтуге мәжбүр.

 Жамаладдин Бақытжанұлы, Аманкелді ауылының тұрғыны:

Жыл жарымнан асып кетті.Істеліп жатқан жоқ. Сондықтан ауылдың малдары суға кетіп жатыр, көріп тұрсыздар. Сол мәселені тезірек істесе, халықтың қамын ойласа, Қарасу еліне ауыз су тезірек берілсе деген мақсаттамыз.

Ауыз су бұған дейін Амангелді ауылына берілді. Алайда,тұрғындар қуанышымыз ұзаққа созылмас деп секемденеді. Өйткені су тарату қондырғысы мен ауыл арасына тартылған электр бағандары шытынап, морт сынғалы тұр. Егер құласа, жоғары кернеулі тоқ адамды жазым етуі мүмкін.

Мейірім Әбдіразақ, Аманкелді ауылының тұрғыны:

10 мың вольт өтіп жатқан бағананың арасына адамның қолы сыйғандай. Апатты жағдайда тұр.Бұл енді адамның тағдыры. Жоғары кернеулі тоқ өтіп жатқан бағаналардың қай-қайсының да жағдайы осындай деңгейде.

Жауаптылар бұл мәселені назарға аламыз деп отыр. Қарасу ауылына таза ауыз су келесі жылы берілуі тиіс. Құлап, ішіне су толған жыралар көміліп, жаңасы қазылады.

Бұл ауылдарда жол қатынасы да қиын. Аудан орталығына бару үшін он ауылдың халқы балшық кешуге мәжбүр.

Байөмір Жолдасбаев, Көптоғай ауылының тұрғыны:

Неше жыл болды қиын болғалы.Жылда ремонттайды,биыл да, қазір де ремонттап жатыр.Бірақ жүру мүмкін емес. Машинаның түрін көріп тұрсыздар.Жаңбыр жауып кеткеніне 5-6 күн болды ғой, әлі мүмкін емес.

Қызығы бұл жол 2 жыл бұрын ғана канадалық әдіспен жөнделді. Алайда, батыстық технологияның талабын ескермегендердің кесірінен жұрт жол азабын тартып отыр.

 Азамат Ысмағұлов, аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Жаңбырдың суларынан аталған технология тиісті деңгейде болмай шығып, бірнеше километріне, 13,8 километріне ақаулық акт жасалған болатын 2022 жылы.Тек қиыршық тас төсеу жолымен ғана жойып жатыр қазір.

Келісім шарт бойынша, мердігер компания 471 миллион теңгеге 20 шақырымдық жолды жөндеуі тиіс болған. Бірақ, оның 6 километрі ғана жарамды күйде.

Жақсыбек Кемал


Ақтөбе облысы

Хабарламаларға жазылу