Атқа мінетін жастар көбейген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атқа мінетін жастар көбейген

04.11.2023

Кейінгі уақытта қыздар арасында атқа міну сәнге айналғандай. Себебі, әлеуметтік желіде тұлпармен шауып бара жатқан бұрымдылардың видеосы кеңінен тарап жүр. Оқырман тарапынан да оң баға алып, қызығушылық басым. Сондай көз сүйсіндіретін бір видеоның кейіпкері туралы келесі материалда баяндалады.

Көсіле шауып, ағып барады. Арғымақтағы арудың аты-жөні - Амина Хасен. Бұл видео әлеуметтік желіде тез тарап, 1,5 млн қаралым жинаған. Қазір Амина күннен күнге танымал болуда. Ол үшін атқа міну хобби ғана емес, жан ләззаты.

Амина Қасен, қала тұрғыны:

Мен атқа отырсам терапия сияқты болады маған, психологқа барғандай болам. Атпен сөйлесе аламын. Ол мені тыңдай алады. Адамдармен сөйлескенде басқаша болады. Ал, атпен отырған спокойстивие, гармония болады сондай.

Амина Ақмола облысы, Бастау ауылында туған. Ата-әжесінің қолында өскен. Қазір Астанада тұрады. Атқа алғаш рет 14 жасында мінген. Бірақ, кейінгі 3-4 жылдан бері ипподромға тұрақты түрде келеді. Ол жігіт аттың құлағындай ойнауы керек деп есептейді.

Амина Қасен, қала тұрғыны:

Бізге қаладан жігіттер келеді. Аттан қорқып тұрады. Ондай жігіттер ұнамайды маған. VIP қазақ дейді ғой қазір. Атқа отыра алмайды да, тек ғана көлік айдай алады...

Ал бұл Абай деген жігіт. Шабандоз әрі атбегі. Атқа мінсем өзімді мықты сезінемін дейді. Онысы рас. Көкпар тартады, бәйгеге қатысады. Талай жүлдені қанжығыға салған. Ипподпромда – жаттықтырушы. Бойдақ болғасын ба, әйтеуір ипподромнан қыздарды ғана көрем, дейді.

Абай Аманжол, шабандоз, жаттықтырушы:

Қазір жастар атқа көп мінеді. Әсіресе, ең қызығы солардың ішінде қыздар көп. Осы тик-ток, инстаграмда шаршап, атқа мінсем демаламын дейді өткенде бір қыз.

Рас, қазір қала шетіндегі ипподромдардарға қыз-келіншектер көп келетін болған. Бастысы жастар арасында атқа міну сәнге айналып барады. Үзеңгілі үрдісті үзбеу керек. Себебі, атқа міне білген жас жасық болмайды. Керісінше, рухы қуатталады. Қазақ жылқы мінезді емес пе еді?!

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу