Үкімет лудоманияға қарсы күрес шараларын күшейтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет лудоманияға қарсы күрес шараларын күшейтпек

03.11.2023

Елімізде бір жылда 3700 адам өз-өзіне қол салады. Солардың 20 проценті құмар ойынның құрсауынан құтыла алмағандар. Ал ажырасқан отбасылардың 40 пайызының осы кеселдің кесірінен шаңырағы шайқалған. Сондықтан Үкімет лудоманияға қарсы күрес шараларын күшейтпек. Алдағы уақытта букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың қызметін жарнамалауға түбегейлі тыйым салынады.

Әмір 14 жасынан компьютерлік ойындарға әуес болған. Ойынқұмарлық бірте- бірте ғаламтор арқылы жеңіл ақша табуға итермеледі. Бір-екі рет бәс тігіп, ақшалы болған соң, орасан табысқа кенелемін деген ой санасын улады. Уақыт өте жақындарына, достары мен таныстарына түрлі сылтау айтып қарызға батты. Ақыры лудоманияға шалдыққаннын мойындап, мамандардың көмегіне жүгінді.

Әмір:

Менен қарызын сұрап іздейтіндер көбейді. Күндердің күнінде бұл ісіме тоқтау болатындығын сездім. Бірақ бір жағынан тағы біраз ақша қолыма түссе, бәс тігіп қомақты ұтысқа ие боламын ғой деген ой үнемі тыныштық бермей тұрды. 10 миллион қойсам, 100 миллион ұтып бар мәселе әп сәтте шешіледі деген ой жібермеді.

Әмірдің қауіпті кеселді жеңуге әлі жетті. Бірақ бейресми деректерге сүйенсек қазір 350 мың қазақстандық құмар ойындарына тәуелді. Бір жыл ішінде 3700 адам суицид жасаса, солардың 20 проценті қауіпті кеселдің құрсауынан құтыла алмағандар.

Артур Котенко, Тәуелділіктен оңалту бағдарламасының жетекшісі:

Ойынқұмарлар қарызға ақша алу үшін, адамдармен тез тіл табысады. Жақын ба, туыс па, дос па қарамайды. Ол бәс тігуге қажет ақшаны қандай жолмен болса да алуға дайын тұрады. Бұл дертке ұшыраған адам алдау, алаяқтық жасау, тіпті ауыр қылмысқа дейін баруға дайын болады.

Қазір елімізде ақшалай ұтыс беретін ойын автоматтары бұрынғыдай әр жерде самсап тұрған жоқ. Заңмен шектелген. Алайда амалын тапқандардар ойынның онлайн нұсқасына көшті. Бір ғана Абай облысында бір жылда әлеуметтік желі арқылы ұтыс ұйымдастыру оқиғалары мыңдап саналады.

Медет Орынбасаров, Абай облысы экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы:

Онлайн дейді ғой. Интернетте көбінесе жастар тіркеліп жатыр. Қаржы мониторинг агенттігімен құрылған кибернадзормен біз Абай облысы бойынша жалпы 1205 ойын чат онлайн казиноны тоқтаттық.

Лондон

Жаһанның алып мемлкеттері де құмар ойынның жетегінде. Ұлыбритания Үкіметі жақында букмекерлік компаниялар үшін жаңа салық енгізбек. Нәтижесінде қазынаға түскен 100 миллион стерлинг фунт құмар ойынға құныққандарды емдеуге жұмсалады.

Люси Фрейзер, Ұлыбританияның Мәдениет, БАҚ және спорт министрі:

Бұл қаржы ұлтты сауықтыруға, құмар ойынға тәуелділікті зерттеуге, оның алдын алуға бағытталады. Біз осылайша, халықтың осал топтарын қорғаймыз.

Ал біздегі букмекерлік кеңселердің 90 пайызы шет елде тіркелген. Олардың қыруар табысынан түсетін салықтың да қайда кетіп жатқаны беймәлім. Сондықтан Үкімет өзге елдердің тәжірибесін қолданып, заңға өзгеріс енгізбек.

Астана

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Бірінші кезекте – букмекерлік кеңсе лотерея және онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салынады. Құмар ойындарына қатысуға рұқсат беретін жас деңейін 25 жасқа дейін көтеру керек. Сондай-ақ, борышкерлер мен алимент төлемеген және несиесін өтемегендерді ойындарға қатыстыруға тыйым салуымыз қажет.

Екі жыл бұрын казино, букмекерлік кеңселердің қаржылық айналымы 80 миллиард болатын болса, қазір 500 миллиард теңгеге жеткен. Одан түскен қыруар пайда кімнің қалтасын толтырып жатқаны белгісіз.

Ержан Жақып



Хабарламаларға жазылу