Басты Жаңалықтар Маңғыстауда зиянкестердің уы ашық сатылып жатыр

Маңғыстауда зиянкестердің уы ашық сатылып жатыр

Маңғыстауда қандаланың уы бейберекет сатылып жатыр. Салдарынан тұрғындар жапа шегуде. Мәселен, айналасы 5 жылда зиянкестің уынан 7 адам көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың бәрінде де тұрғындар препараттарды базарлар мен сайттардан алған болып шықты. Мамандар еш кедергісіз, ашық сатылып жатқан химиялық қоспалардың саудасына шектеу қоя алмаймыз деп отыр. Өйткені, ол үшін арнайы заң қажет. Аягөз Оралбайқызы зерттеп көрді.

Базарда самсап тұрған препараттардың бағасы да арзан. Әрі кетсе 3 мың теңге. Бірақ ешқайсысының құжаты жоқ. Дүкеншілер препараттардың арнайы жеткізілетінін айтады. Зиянкестерге қарсы у интернетте де толып тұр. Бағасы 2 мың теңгеден басталады. Санаулы күнде-ақ жеткізіп береді. Ал жеке кәсіпкердің улауы одан әлдеқайда қымбат.

Жеке кәсіпкерлік «Клоп стоп» деп аталады. Сорақысы сол - аймақта лицензиясы бар 26 мекеменің тізімінде жоқ. Дегенмен, қыруар қаржыға қызмет ұсынып отыр. Ал құзырлы орган қолданыстағы заңға сәйкес, мұндай жеке кәсіпкерлердің жұмысын бақылай алмайды.

Бердібек Саралтаев, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда бұл жерде ешқандай бақылау жүргізе алмаймыз біз. Енді қайтадан лицензия беріп, мәселені шешу керек. Ол жерде енді біз нақты мамандардың арнайы базаларын тексереміз. Қандай дәрі-дәрмек қолданатынын тексереміз. Енді нақты қадағалауда болады ғой.

Мәселе бағада. Тұрғындар арнайы рұқсаты бар мекемеге қыруар қаржы бергенше, базардағы арзан препаратпен улағанды жөн санайды. Бұған дәлел, облыста болған қайғылы оқиғалардың бәрінде препараттар ашық сауда көздерінен алынған.

Бақтығали Мұңал, қала тұрғыны:

2 рет жағдай болған, соның бәрін базардан сатып алған. Соны мен түсінбеймін әлі күнге. Әкімшілік отыр, мында СЭС бар неге соларды алып, шектеу қоймайды. Базарға саттырмау керек. Заң шығару керек.

Бұл тұрғыда Денсаулық сақтау министрлігі дезинсекция және дератизация жұмыстарымен айналысатын мекемелерді лицензиялауды қайтадан қолға алмақ.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Препараттарды қазіргі кезде тыйым салғанда, бұл мәселені біздер басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп көтереміз. Әдейі заң керек болар. Жұмыс жасап жатқан мекемелерде бүгін лицензиялау жоқ. Бірақ түбі біз осы лицензияны енгіземіз деп, жұмыс жасап жатырмыз.

Заң күшіне еніп, препараттардың саудасы қатаң қадағаланбаса, қайғылы оқиғалардың қайталанбасына кепіл жоқ. Таяуда ғана айналасы бір аптаның ішінде 2 оқиға тіркеліп, 12 адам уланды. Бір отбасы 2 бірдей баласынан айырылып қалды.

Аягөз Оралбайқызы


Бөлісу