Ақтөбе облысының Аманкелді ауылында 70 бала балабақша кезегінде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Аманкелді ауылында 70 бала балабақша кезегінде тұр

03.11.2023

Ақтөбе облысында балабақша кезегінде 8 мыңға жуық бала тұр. Мәселе тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да бар. Бір ғана мысал, Ойыл ауданына қарасты шағын ғана Аманкелді ауылының өзінде 100-ге жуық бала мектепке дейінгі білім мен тәрбиеге зәру. Қазір олардың тек 22-сі ғана мектеп ішіндегі шағын орталыққа барып жүр. Басқаларының жаңа балабақша салынғанын күтуден басқа амалы жоқ.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Балабақша болмағандықтан ауыл балалары уақыттарының көбін көшеде өткізуге мәжбүр. Қазір елдімекенде алты жасқа дейінгі 90 бала болса, оның жетпісі балабақшаның не екенін де білмейді.

Көптоғай ауылдық округіне қарасты елдімекенде 115 үй бар. Мұнда бала туу көрсеткіші жоғары. Өйткені, жастарының көбі қалаға ағылмай, туған жерлерінде түтін түтетуді жөн көрген. Жаңадан үй салып, қолдарынан келгенше кәсіп істеп жатыр. Алайда, балабақшаның жоқтығы қиын. Қажетті қаржы табылса, құрылысты тұрғындардың өздері жүргізуге дайын.

Алтай Жалмұхан, ауыл тұрғыны:

Ауыл жастары, тұрғындары жалпы ынталы, асарлатып, тағы басқа қазақы әдістермен саламыз деп. Дегенмен, мемлекет, үкімет тарапынан да көмек болса дейміз. Олар да көмек қолын созып, жер мәселесі, коммуникация мәселелерімен көмектессе, қолдап кетуге болады.

Ауылдағы орта мектепте шағын орталық жұмыс істеп тұр. Оның өзі мұғалімдердің балаларынан ауыспайды. Мекеме басшылығы артық бала қабылдауға мүмкіндік жоғын айтады.

Жайлау Сүндетов, мектеп директоры:

22-ден көп алуға сол мүмкіндіктің, бөлменің тарлығы, жатын бөлмені, шағын екі бөлмемен қамтып отырмыз. Сыймайды артық бұл жерге. Мектептегі 158 бала жыл сайын өсіп келе жатыр. Бізде ауылда перспектива бар.

Жауаптылар бұл мәселені тек инвестор табу арқылы ғана шешуге болады дейді. Аудан басшылығы қазір осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Саян Сүлейменов, аудан әкімінің міндетін атқарушы:

Екі тәртіппен ұсыныс беріп отырмыз. Біріншісі – материал алып, өз күшімізбен көтеру арқылы, екіншісі жеке инвестор тауып, жеке балабақша, яғни, мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейтін балабақша ашу жөнінде жұмыстар жүріп жатыр. Осы жұмыстарымыздың нәтижесі алдағы жылдары болып қалатын шығар деген сеніміміз мол.

Дегенмен, әзіргі балабақша құрылысын салуға ынталы қалталы азаматтар табылмай тұр. Ал, тұрғындар мәселе шешілмесе, ауылдан қалаға көшетіндердің легін тоқтата алмауымыз мүмкін деп алаңдайды.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу