Мажарстан Премьері Қазақстанға ресми сапармен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мажарстан Премьері Қазақстанға ресми сапармен келді

02.11.2023

Қазақстан мен Мажарстан өзара сауда-саттық көлемін 1 млрд долларға жеткізуге мүдделі. Мұны бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөз кезінде айтты. Былтыр тауар айналымы 20 пайыздан артық өсім көрсеткен. Биылғы 9 айда да осындай динамика байқалады. Енді тараптар түрлі саладағы ықпалдастықты үдете түспек. Тағы қандай мәселелер талқыланды? Тілшіміз Данияр Қайыртайдың материалында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды Ақордада салтанатты түрде қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан алдымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Басты тақырып – саяси диалогты нығайтып, сауда-экономикалық ынтымақтасты тереңдету. Бұған тарихи тамырластық та негіз бола алады. Қазақ пен мажар – ежелден туыстас халықтар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі, Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар.

Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:

Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Мажарстан мен Қазақстанның байланыстары бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтерілді. Әйтсе де ықпалдастығымыздың, әсіресе экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті зор.

Экономикалық әлеует кеңейтілген құрамдағы келіссөзде жан-жақты талқыланды. Сауда-саттықты дамыту үшін әуелден Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес жұмыс істейді. Енді соның ықпалын арттыру міндеті тұр.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Қазіргі сауда деңгейі өте жоғары деп айта алмаймын. Былтыр 100 млн доллар болды. Биыл 24 пайыз өсті. 9 айдың ішінде тағы да өсім 24 пайыз. Оның ішінде көбісі Венгриядан келетін импорт бізге.

Ал Қазақстан негізінен азық-түлік өнімдерін сатады. Биыл балық экспорты жолға қойылды. Аз уақытта оның көлемі екі есе өсіп, 120 тоннаға жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар.

Тараптар энергетика, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы мен фармацевтика сынды сан салада ынтымақтастықты дамытуға бейіл. Ол үшін институционалды негіз қалыптасқан. Инвестициялық серіктестік те жандана түспек. Мажарстанның мұнай-газ саласындағы ұлттық компаниясы мен «Қазмұнайгаз» Батыс Қазақстандағы «Рожковское» кен орнын бұрыннан игеріп келеді. Енді сонда газ конденсатын өндіру қолға алынбақ.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК Басқарма төрағасы:

Жылына 1 млрд-қа дейін газ өндіреміз деген жоспарымыз бар. Кезең-кезеңмен осы деңгейге шығамыз. Биылға жоспарымыз әзірше үлкен емес, 13 млн кубтай шығарамыз деген жоспарымыз бар.

Мажарстанның тағы бір компаниясы елімізде күн энергиясын өндіретін станциялар салмақ. Жоба құны – 150 млн доллар. Бұл мәселелер келесі аптада өтетін екі ел кәсіпкерлерінің бизнес форумында пысықталады. Гуманитарлық байланыстар да назарда. Мажарстан үкіметі қазақ студенттеріне арналған оқу гранттарын бөлуді жалғастыруды көздеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл мажар халқының ұлы перзенті Шандор Петефидің туғанына 200 жыл толуына орай бүгін Астанада жаңа көшеге ақынның есімі беріледі.

Мажарстан - Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы сенімді стратегиялық әріптесі. Ал сол елдің премьері Виктор Орбан екіжақты қарым-қатынасты дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Осы еңбегі үшін оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасқа серпін беруге уағдаласты. Cебебі тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуге әлеует бар. Ал ертең Виктор Орбан Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитіне қатысады. Мажарстан бұл ұйымға бақылаушы мемлекет мәртебесін 5 жыл бұрын алған.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу