Петропавлда облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы қайта жанданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы қайта жанданады

01.11.2023

Петропавл қаласындағы облыстық көпсалалы аурухананың құрылысы қайта жанданады. Бұл жөнінде облысқа барған денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтты. 500 орынға арналған емдеу мекемесінің іргетасы 2019 жылы қаланған болатын. Жоспар бойынша былтыр ашылуы тиіс еді. Алайда құрылыс өткен жылдың ақпан айында тоқтап қалды. Жаңа кешенде онкологиялық диспансер, кардиологиялық және перинаталдық орталық сынды бірнеше емдеу мекемесі жұмыс істейді. Әлемдік талапқа сай келетін нысан құрылысын түрік инвесорлары жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар брифингте Вячеслав Дудник маман тапшылығы, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мәселесі туралы айтты. Облыстағы 46 ауылда медициналық пункт салу жоспарланып отыр.

Вячеслав Дудник, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

Бұл жоба іске қосылғанда өңірде медициналық қызмет көрсету деңгейі бірден көтеріледі. Инвестор дәрігерлерді таңдап, Түркияға оқуға апарады. Шет елден білікті мамандар шақыртылады. Жоба сәтті жүзеге асса, басқа өңірлерде де осындай нысандар салынады.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу