Өзбекстанда домбыра мектебі жұмыс істеп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда домбыра мектебі жұмыс істеп тұр

30.10.2023

Өзбекстандағы Ташкент облысының кіл қазақтар тұратын Қырсадақ ауылында ұлттық өнерді серік еткен балғындар өсіп келеді. Ауылдағы орта мектепте оқушылардан жасақталған домбыра үйірмесі бар. Оны ашу әу баста «Отандастар» қорының бастамасымен қолға алынған. Бүгінде жас өнерпаздар ән жырымен ауылдастарын тәнті етіп жүр.

Қазақтың қара домбырасына қосылып арулар деп ән шырқап отырған қаракөздердің өнерге ынтасы ерекше. Олар ұлттық аспапта ойнауды жылдам меңгеріп кеткен жоқ, күндерді, сағаттарды сарп етті. Ақыры еңбек еш кетпей, қос ішекті күмбірлетіп қазақтың әндерін қосыла шырқап жүр. Домбыра тартуды титтейінен армандаған Әйгерім – алғашқы болып ұстаздан тәлім алғандардың бірі.

Әйгерім Асылбекова, оқушы:

Менің өнерімді көріп қалғандары қызықты, мен де қызымды берсем деп. Менен ағайды сұрады қалай үйретеді деп. Барлығы ұнайды, ағайымызға алғыс білдіремін.

Ауыл мектебінде музыка пәнінен сабақ беретін Оразәлі Юнусбеков әр балаға домбыра тартудың қыр сырын жалықпай үйреткен. Қазір 17 балғын ұлттық аспапта еркін ойнап, ұстазды да, ауылдықтарды да қуантып жүр. Елдімекеннің әрбір тұрғыны мектепте өтетін түрлі шараларға келіп, қазақтың ән жырын тыңдауға асығады.

Оразәлі Юнусбаев, ұстаз:

Керемет балапандар үйреніп жатыр. Келешекте Қазақстанға түрлі фестивальдарға апаратын ойым бар ата аналарына рахмет маған сеніп балаларды бергеніне . Мақсат балапандарға қазақтың өнерін үйрету, салт дәстүрін жоғалтпау.

Аядай ауылдағы қазақ орта мектебінде 130 ға тарта бала оқиды. Салынғанына 20 жылдан енді асқан білім ошағы қажетті жабдықпен түгел қамтылған. Өскелең ұрпақтың ана тілін қастерлеп, төл өнерден сусындап өсіп келе жатқаны үлкендердің де көңіліне демеу.

Самат Орынбаев, ауыл тұрғыны:

Ауылымыз тегіс қазақтар мәдени дәстүрімізді ұмытқан емеспіз. Тойларымыз қазақша болады. Қыз ұзату, келін алу, балалар қазақша сөйлейді, бізге ешқандай бөгет жоқ қазақ мәдени ұлттық өнерімізді дамытуға жәрдем болады.

Жанарында от ойнаған балғындар келешекте қазақтың өнерін дамытуға үлес қосуды армандайды. Кішкентай домбырашылардың бетін қақпай белін буған ұстазының әрекеті де құптарлық.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу