Ақтауда қандаланың уынан тағы 5 адам зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда қандаланың уынан тағы 5 адам зардап шекті

27.10.2023

Ақтауда тағы да қандаланың уынан тұрғындар зардап шекті. Бұл жолы да көршінің кінәсі. Дезинфекция кезінде санитарлық шаралардың сақтамауынан бүтін бір отбасы уланып қалды. Бір жеткіншек ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Аягөз Оралбайқызы тарқатады.

Оқиға 3-ші шағын ауданда кеше кеште болды. Уланып қалған көршілерін көрген тұрғындардың үрейі әлі басылмаған.

Марияш Исенова, қала тұрғыны:

Мынау деген масқара. Бізге көршілерге айтқан да жоқ. Көршіге ескерту керек. Сонда барлығымыз осындай болып қырыла береміз бе? Жергілікті СЭС, әкімдік бұны бір қатаң қолға алулары керек. Айыппұл төлету керек.

Мамандар пәтерлердегі ауаның құрамын тексеріп, күкірттің шамадан тыс артқанын анықтады. Пәтер иесі «Фас» препаратының 3 қорабын қолданғанын және улайтыны жөнінде көршілеріне ескерткенін айтқан. Бірақ өзі санитарлық шараларды сақтамапты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Дезинфекция осы бірінші қабаттағы пәтерде жүргізілген. Бірақ удың иісі екінші қабаттағы пәтерге жеткен. Онда 5 адам болған барлығы да иіс тиіп, ауруханаға жеткізілді.

Зардап шеккендердің үшеуі бала. Дәрігерлер екі ересек адам мен екі жасөспірімге алғашқы көмек көрсетіп, үйлеріне қайтарған. Ал жағдайы ауыр 11 жастағы жеткіншек дәрігерлердің бақылауында қалған.

Назгүл Қисықбасова, Көпбейінді балалар ауруханасының бас онкогематологы:

Бір үйдің үш баласы түсті. Келген кезде бас айналуына және ұйықтай беруіне шағымданып түсті. Бірден кезекші реаниматологтармен, кезекші педиатормен балалар қаралды. Екі бала үйіне жіберілді. Үшіншісі 13 жаста. Оның да қазіргі кезде жағдайы тұрақты. Емін алып жатыр.

Тұрғындардың зиянкестерді өз бетінше улауына тыйым салынған. Сондықтан тек мамандандырылған мекеменің көмегіне жүгінуі тиіс дейді санитарлар. Қалада ондай 8 ұйым бар.

Лаура Әбдіғалиева, Ақтау қалалық санитарлық эпидемиологиялық басқарма басшысының орынбасары:

Үйлерді жаппай улауға болмайды. Олар жеке меншік үй болған соң әркім өз иесі. Улау бойынша жаппай, барлығы бірдей уақыт біздің құзыретімізге кірмейді. Улау жұмыстары ол жеке меншік компанияға берілген.

Осыдан бес күн бұрын ғана көршінің салғырттығынан бір отбасы қара жамылды. Қандаланың уынан айыға алмаған ағайынды екі бала қайтыс болды. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс әлі тергелуде.

Аягөз Оралбайқызы


ақтау

Хабарламаларға жазылу