Елімізде 600-ден астам мектепте спорт залы жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 600-ден астам мектепте спорт залы жоқ

26.10.2023

Еліміз бойынша 600-ден астам мектепте спорт залы жоқ. Дене шынықтыру сабақтары далада немесе шағын кабинеттерде өтеді. Бұл балалардың денсаулығына аса зиян дейді мамандар. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Бірлестік ауылындағы мектепте спорт залмен қоса, зертхана, акт залы тіпті әжетхана да жоқ.

Елсанат Құрманқұл – 11-ші сыныпта оқиды. Алдағы сынаққа дайындалып жүр. Физика және математика пәндерінің мұғалімі болғысы келеді. Арнайы кабинет пен құралдар болмағандықтан зертханалық жұмыстар сөз жүзінде ғана жүргізілетінін айтады.

Елсанат Құрманқұл, оқушы:

Химия пәнінің химия кабинеті, физика пәнінің физика кабинеті және олардың арнайы өзіне арналған құрал-жабдықтары болса, жақсы болар еді. Лабараториялық жұмыстарға дайындалуға болатын еді. Біз енді кетеміз. Сондықтан артымыздан оқып келе жатқан іні-қарындастарымызға сол жағдай жасалса деймін.

Бұл ғимарат 1991 жылы жатақхана ретінде салынған. Кейін ауыл мектебіне беріліпті. Асхана да аядай бөлмеде жұмыс істеп тұр.

Диана Данкина, ауыл тұрғыны:

Тазалық жағынан сол асханаға көңілім қанағаттанбайды. Балалар су ішетін арнайы аппарат болуы керек қой. Сол жоқ. Соны қарастырса жақсы болар еді. Біліміне шағым жоқ, жақсы. Мұғалімдер бар, бұрыннан келе жатқан мұғалімдер.

Шағын орталық пен медициналық пункт те мектеп ғимаратында орналасқан. Білім ошағы 58 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Эльмира Кәленова, тілші:

Бұл 85 балаға арналған спорт залы. Қыста дене шынықтыру сабақтары осы кабинетте өтеді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, спорт құралдарының да тозығы жеткен.

Ал дене шынықтыру сабақтары осы алаңқайда өтеді. Мұғалімдер мектеп бағдарламасын қамту мүмкін емес екенін айтады. Қыс бойы қақаған аяз бен жаздың аптап ыстығында жұмыс істеу де қиын.

Жанат Мұқанов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

Көрсетілген тақырыптарды қамту үшін біздің мектебіміздің мүмкіншілігі жібермейді. Волейбол, баскетбол – міне соларды біз игере алмаймыз. Өте қиындық туғызады. Өйткені ол жаңағы спорт залдың ішінде ойналуы керек.

2020 жылы ауыл азаматтары ақша жинап, мектеп жанындағы мәдениет үйін қалыпқа келтіре бастаған. Жоспар бойынша спорт зал да болуы тиіс. Алайда қаражат таусылып, жұмыс аяқсыз қалған. Былтыр нысанды аудандық әкімдік өз меншігіне алыпты.

Меруерт Зұлқарнай, Айыртау аудандық мәдениет үйінің директоры:

Ғимараттың жарамдылығын зерттедік. Ендігі жылы мәдениет орталығына ремонт жасау жоспарда бар.

Бос тұрған ғимарат әзірге кептерлердің мекеніне айналған. Ал құрылысты аяқтау үшін 117 млн теңге қажет.

Эльмира Кәленова


солтүстікқазақстан

Хабарламаларға жазылу