Елордада үшінші жылу орталығын салу жұмыстары мерзімінен кешігіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада үшінші жылу орталығын салу жұмыстары мерзімінен кешігіп жатыр

23.10.2019

Елордада салынып жатқан үшінші жылу электр орталығы газбен жұмыс істейтін болады. Бертінде ғана осындай шешім шығарылған. Ауқымды жобаның құрылысы 2010 жылы басталған еді. Арада тоғыз жыл өтті. Пайдалануға беру мерзімі қайта-қайта кейінге шегерілуде. Бұл жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ерекше назар аударып, Үкімет пен қала билігіне мәселені шешуді тапсырған болатыр.

2010 жыл. Тамыздың 18-і. Үшінші жылу электр орталығының және жоғары вольтты үш қосалқы стансаның құрылысы қатар басталды. Негізгі қажеттілік қаланың экономикалық ахуалын арттыру, индустриялдық жобаларға серпін беру делінді сол кезде. Әу баста жобаның жалпы құны 194 миллиард теңгеге бағаланды. Құрылысы алты жылда аяқталуы тиіс еді. Арада тоғыз жыл өтті. Әлі бітетін түрі жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үшінші жылу электр орталығының құрылысын аяқтау мерзімі бірнеше мәрте кейінге шегерілді. Биыл қолданысқа беру жоспарланған болатын. Енді, міне тағы кейінге шегеріп отыр. Сметалық құжаттары ескіріп, жоба 1,5 есеге қымбаттап кеткен. Оның сомасы аз емес, 40 миллирдтан асады. Жаңа жылу орталығының құрылысының кешеуілдеуі қаладағы бизнестің дамуын тежеп отыр. Әкімшілік мемлекет қаржысына салынып жатқан жобаларды уақытында аяқтауы тиіс.

Бас қаланың халық саны, бизнес субьектілері, әлеуметтік мекемелері, әртүрлі зауыттары күн санап көбейіп келеді. Энергетикалық кешен еріккеннен емес, қажеттілік көлемін қамту үшін салынды. Мемлекеттен осы мақсатқа қажетті қаражат бөлінді. Бүгін біз үшінші жылу электр орталығының маңайына арнайы бардық. 128 гектар аумақ түгел қоршауға алынған. Төңірегі тоз-тоз, күл-қоқысы қаптап жатыр. Ит байласа тұрғысыз, иесіз ескі үйді еріксіз еске салатын көріністерге куә болдық. Сонымен бұл нысанның құрылысы неге уақытылы бітпей жатыр деген сауалды әкімдіктегілерге жолдадық және арагідік жауап алдық.

Бағдат Байсадықов, Отын-энергетикалық кешені басқармасы басшысының орынбасары:

2010 жылдан бастап бізде 2 рет девальвация болды. Сондықтан жобаға қарастырылған бағалар ескіріп кетті. Соған байланысты бізде кішке қымбаттау бар. Қазір біз жобаны түзету жұмыстарын бастадық, сол жұмысты біз жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Ербол Мәндібек, тілші:

Жаңадан салынып жатқан үшінші жылу электр орталығының маңайында әзірге қайнаған жұмыстың белгісі байқалмайды. Біз дәл осы энергетикалық кешеннің ішіне кіріп, түсірілім жасауға тырысып көріп едік, әкімшілік әртүрүлі себеп айтып рұқсат бермеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл экономикалық тұрғыда өте қымбатқа түскен жобалардың бірі. Ең бастысы, 2016 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді, бірақ бірнеше себеппен кейінге шегерілді. Енді 2020 немесе 2021 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Бұл кешен әу баста көмірмен жұмыс істейді деп бекітілген. Бертінде ғана газға ауыстыру туралы шешім шығыпты. Оның үстіне шетелден алынатын жабдықтардың қайта-қайта қымбаттауына байланысты шығыны қайта есептелуде. Осының барлығы жұмысты тежеп, баяу қимылдауға әсер етуде деген жауап алдық әкімдік өкілдерінен. Қазір 70 пайызы аяқталған, қалған 30 пайыз құрылысы енді қаншаға созылатынын әзірге ешкім білмейді.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу