Мажарстан қайраткерлері Республика күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мажарстан қайраткерлері Республика күнімен құттықтады

24.10.2023

Республика күні ұлттық мерекесімен барша қазақстандықтарды бауырлас Мажар елінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері де құттықтап жатыр.

Мажарлар Қазақстанды өздерінің ата-жұрты санайды. XIII ғасырда Мажарстанға қазақ даласынан 40 мыңнан астам қыпшақ қоныс аударған. Солардың ұрпақтары бүгінде қос елдің бай мәдени мұрасының тарихи іргетасы әрі қуатты байланыстырушысына айналған. Былтыр өзара алыс-беріс 172,2 млн долларды құрады. Қос тарап сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, инвестициялық байланыстарды онан әрі арттыруға ынталы.

Шандор Ковач, Мажарстан Парламентінің депутаты, «Қазақстан-Мажарстан» парламентаралық Достық тобының мүшесі:

Құрметті қазақстандықтар, Сіздерді бүгінгі ұлттық мереке Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Қазақстан 30 жыл ішінде қарқынды дамыды. Бауырлас елімізге әрі қарай да өркендеп, тың бастамаларымен әлем халқына үлгі бола беруді тілеймін. Қазақ елі ақыл-парасат, қажырлы еңбекпен биік мақсатқа жетуге болатынын жаһан жұртына дәлелдеді
.

Тамаш Тот, Мажар кинорежиссері, «Өліара» қазақ-мажар көркем фильмінің продюссері:

Бұл – Қазақстан халқының бірлігін, елдің өткені мен бүгінін, жеткен жетістігін айшықтайтын маңызды мереке. Бүгінде Қазақстан саяси өзгерістер жасап, экономикасын дамытып қана қоймай, күрделі геосаяси түйткілдердің түйінін тарқатуға септігін тигізуде. Мен Қазақстанның мәдениеті мен өнерін жақсы білетін жан ретінде айтарым, елдің рухани, материалдық мұрасы жаңа Қазақстанның өркендеуіне едәуір әсер етті. Менің екінші үйім-Қазақстанның онан әрі дамуына әр қазақстандық өз үлесін қосады деген сенімдемін.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу