Жамбылдық шопан жылына 35 млн теңге табыс тауып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдық шопан жылына 35 млн теңге табыс тауып отыр

23.10.2023

Жамбылдағы жас шопан асыл тұқымды қой өсірумен айналысып, жылына 35 млн теңге табыс тауып отыр. Ақтоған ауылының тұрғыны Нұрбек Құлбаев малды асылдандыру бағытын осыдан 6 жыл бұрын бір ғана қошқармен бастаған. Бүгінге дейін 300-ге жуық төл алып, төскейдегі елдің түлігін ірілендіруге атсалысып жүр.

Нұрбек Құлбаев ұсақ малды ұстауға осылай балаларын да баулып жүр. Түлік ұстағанның ұлы малсақ әрі еңбекқор болу керек дейді. Өзі Ақтоған ауылында бокс бапкері бола тұра, асыл тұқыммен айналысуға уақыт тапқан. Ол осыдан 6 жыл бұрын аз-маз жинағанына тұқымы ірі, тұрқы дәу сырт елдің қошқарын сатып алады. Бүгінде бір бас тұқымнан 300 төл өргізіпті.

Нұрбек Құлбаев, шаруа:

Мақсат – сойып сату емес, асылдандырумен айналысамыз. Бізден ары қарай сол еркек төлдерін көбейтуге алып кетіп жатады. Бір жылда 40-50 қозы алсақ оның бәрі мықты болып кетпейді. Бағалары екі мың, үш мың долларға сатылып жатады.

Асыл тұқымды «Арашан» қошқарларының бойы бір метрден асып, салмағы 200 келіге жетеді. Тұқым алу үшін алпыстан аса аналық қой ұстайды.

Нұрбек Құлбаев, шаруа:

Осы қыркүйек айынан бастап қостық, аналық бастарға қошқарды. Суыққа төзімді. Міне, мына қораны көріп тұрсыздар ғой – ашық қора. Осы жерде ақпаннан бастап туады.

Нұрбек қой қоздап, қорада шу басталар сақманды күтіп жүр. Өйткені мал төлдету маусымы нақты нәтиженің сыналар сәті. 4 баланың әкесі алда бір отар қойы бар қожалық құруды армандайды.

Ал Жамбылда мал шаруашылығын дамыту мақсатында 3,5 млрд теңге субсидия бөлінген. Қаржылай қолдау алуға Нұрбек те ниетті. Айта кетейік, бүгінде аймақ бойынша қой саны 3,5 млн басқа жуықтайды.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу