Жамбылдағы жарылысқа байланысты сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдағы жарылысқа байланысты сот үкімі шықты

20.10.2023

Бүгін Шымкент әскери гарнизонының сотында Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылысқа кінәлі азаматтарға үкім шықты. Судья әскери мүлікті қасақана жойыды және бүлдірді деген айыппен 2 сарбазды бас бостандығынан айырды.

Қару-жарақ қоймасында болған жарылысқа байланысты 6 азаматқа кінә тағылды. Оның төртеуі офицер. Олардың арасында әскери бөлім командирі мен орынбасары, қойма басшысы бар. Жоғары шенді әскерилерге қауіпсіздік ережесін бұзды және өз ісіне салғырт қарады деген айыптаулармен іс қозғалған болатын. Алайда сот айғақтар дәлелін таппағынын алға тартып, оларды түгелдей қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Ал 2 сарбазды 9 жылға түрмеге қамауға үкім шығарды.

Бөрлібай Қайыпов, Шымкент әскери гарнизоны сотының судьясы:

Сіз өзіңіз бәрін мойындадыңыз. Кейін эксперимент жүрген кезде одан бас тарттыңыз. Куәлар айтты. Эксперимент жасадық. Сарапшылар бар. Сол бойынша кінәлі деп тауып, 9 жыл тағайындадым.

Бас бостандығынан айырылған екі азаматтың жасы 22-де. Әскери борышын өтеп жүрген олардың қару-жарақ қоймасына қасақана от қойғаны сот барысында дәлелін тапқан. Алайда олардың қорғаушылары мұндай үкіммен келіспейді.

Сағадат Әміре, сотталушылардың адвокаты:

Сот қазір үкім оқып жатқанда қолын сұғып ішке тастап, қоймада тұрған жәшіктің үстіне жанған мата түсті деп отыр. Оның бәрі бұрмалаушылық.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылдың 26 тамыз күні Байзақ ауданы аумағында болған жарылыстан 93 азамат жарақат алып, 18 адам көз жұмған болатын. Жергілікті биліктің мәліметінше апат кезінде 106 тұрғын үй мен 12 коммерциялық нысан және 3 мектеп бүлініп, қираған. Айта кетейік, сот кінәлі деп танылған адамдардан 25 миллиард теңге өндіру туралы қорғаныс министрілігінің талабын мақұлдады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу