Маңғыстаулық шебер ұлттық мұраны дәріптеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаулық шебер ұлттық мұраны дәріптеп жүр

19.10.2023

Маңғыстауда киіз үйді дәріптеп, оның жабдықтарын қолмен жасайтын қолөнер шебері тұрады. Шетпе ауылының тұрғыны Күміс Қосбай 7 қанатты киіз үйді 3 айда дайындайды. Ал ол үшін төрт түліктің жүнін ғана пайдаланады. Ұлттық мұраны дәріптеп, шәкірт тәрбиелеп жатқан шебермен кездескен Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.

Күміс Қосбай киіз үй жабдықтарын жасауды анасынан үйренген. Алғаш рет 9 жасында «кереге таңғыш» тоқыды. Содан бастап оның қол өнерге қызығушылығы артқан. Өмір бойы балабақшада қызмет етіп, киіз үйден ұлттық бұрыш әзірлеген. Ал зейнеткерлікке шыққан соң көне жәдігердің жабдықтарын жасауды қолға алды.

Күміс Қосбай, Шетпе ауылының тұрғыны:

Сол ұмытылмаса екен деп ойладым. Ал кейінгі кезде үкіметтен де қолдау болды. Аяқасты қалмайтынын халық та біліп, қайтадан киіз үйлерін жаңғыртып бастады. Сұраныс қазір өте көп. Біреу айтады есігімді орап берші деп, біреу үйдің қапталына ши орап берші дейді. Біреу маған кішкене алаша тоқып бермейсіз ба дейді.

Киіз үйдің 20-ға жуық жабдығы бар. Сыртқы жамылғысы түндік, үзік, туырлық пен іргелік қойдың күзем жүнінен басылады. Ал үйдің ішін сәндеуге арналған басқұрлар, баулар мен шашақтар қойдың жабағы жүнінен иіріледі. Кереге таңғыш, желбау, арқандар үшін, шебер ешкі мен жылқының қылын пайдаланады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Ши тоқитын қондырғыны шебер өз қолымен істеген. Мына жерде ақ ши тоқылып жатыр. Оның өзіндік тәртібі бар. Оң қол мен сол қолды айқастыра отырып, өрнек шығарады. Мынаның ішінде кәдімгі тас, ол жіпті тартып тұрады.

Күміс Қосбай қолөнерге келіні Құндызды баулыған. Шебердің отбасына 17 жасында келін болып түскен Құндыз Серікбаева – бүгінде көп балалы ана. Үйдің шаруасын да тындырып, ісмерліктің қыр-сырын да меңгерген. Соның арқасында жас келіндер сайыстарында алдына жан салмайды.

Құндыз Серікбаева, Шетпе ауылының тұрғыны:

Ағаш үйді тек бала кезде тойға, садақаға тігілгенін көреміз ғой. Осы үйге келгеннен ағаш үйдің қалай тігілетінін, қалай жиналып қалай жасалатынын үйрендім енемнен. Қазіргі таңда киіз басуды, өрмек тоқуды, таңғыш тоқушы, ши тоқуды, текемет басуды барлығын енемнен үйрендім.

Шебердің екі киіз үйі бар. Соның 7 қанаттысы сұранысқа ие. Себебі соңғы уақытта халық арасында ұлттық нақышта киіз үйде қыз ұзату, келін түсіру үрдіске айналып келеді. Қолөнер шеберінің туындыларына басқа аймақтардан да сұраныс көп.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Біз қазір 7 қанатты киіз үйде тұрмыз. Мұнда ағашынан басқа жабдықтардың барлығы – бау, басқұрын, шашақтарына дейін, тіпті, киізіне дейін шебердің өзі жасап шыққан. Ұлттық жәдігерді осылай безендіру үшін ол 3 жыл уақыт жұмсады.


Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу