Ақмола облысында қамбадағы астықтың 65 пайызының сапасы өте нашар. Тек мал азығына жарайды. Келер жылы тұқымға да татымайды дейді диқандар. Жауынның астында қалып бүлінген бидайды кім алады? Шығынға батқан шаруаға қандай көмек беріледі? Тілші Ұмсындық Наурызбава анықтады.
Өңірдегі егіс алқаптарының 96 пайызы жиналды. Диқандар бірер күнде орақ науқанын біржола аяқтамақ. Биыл 3,5 мың гектар жерге егін еккен. Жігер Тілеужанов жиған тергенін түгел элеваторға тапсырған. Бірақ сатып алатын ешкім жоқ. Себебі бидайдың сапасы нашар.
Жігер Тілеужанов, шаруа:
Жаңбыр тоқтамай жауғандықтан бидайдың да сапасы төмендеп кетті. Бидай тігінен тұрып, өзінен-өзі масақтың ішінде өсіп кетті. Жаңа шыққан бидай. Одан енді ешқандай тұқым алынбайды.
Сондықтан Үкімет ел бойынша 350 мың тонна сапасы нашар өнімді сатып алуға квота бөлмек. Алайда, сала мамандары бұл жеткіліксіз,-дейді. Қазір элеваторлар да аузы-мұрнынан шығып тұр. Диқандар су тиген бидайларын тонналап әкеліп тапсыруда.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Қазіргі таңда облыстағы 71 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Диқандар алдын-ала кезекке тұрып, жинаған егіндерін дәл осындай астық қабылдау орындарына тасып жатыр. Мұндай элеватор күніне мың тоннадай бидай қабылдайды. Алайда, оның 70 пайызының сапасы нашар.
Былтыр астықтың орташа өнімділігі гектарына 12 центнер болса, осы жылы 5-6 центнерге жетер-жетпес. Салдарынан қамбаға бидай екі есе аз құйылмақ. Бар-жоғы 2,7 миллион тонна. Сондықтан экспорт көлемі де көңіл көншітпейді.
Еркеш Әленов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Жылда бидайды 20 мемлекетке экспортқа шығаратынбыз. Жылда кем дегенде 2 миллион тонна бидай шығаратынбыз. Былтыр 2 миллион тоннадан артық болды. Биылғы жылы жауынның себебінен, экспортқа бидай олай көп шығады деп айта алмаймыз.
Ауа райының қолайсыздығынан шығынға батқан диқандарға астықты кептіру үшін 20 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай берілді. Енді шаруаларға несиені өтеу мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр.
Ұмсындық Наурызбаева