Қызылорда облысында автогаз тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында автогаз тапшы

18.10.2023

Қызылорда облысында автогаз тапшы. Көлік жүргізушілері бірнеше күннен бері газ бекеттерінен сұйық отын құя алмай сенделіп жүр. Себебі, көбісі талон арқылы босатылуда. Қазір қала бойынша, автогазды қолма-қол ақшаға құйып жатқан санаулы ғана орын бар. Оның өзінде шектеумен сатылып, көліктер кептеліспен кезек күтуге мәжбүр. Арзан сұйық отын іздеп сергелдеңге түскен көлік жүргізушілер бұл жағдайға алаңдаулы.

Оңдасын Тәжекенов, қала тұрғыны:

Екі күннен бері газ жоқ. Кеше келіп осы заправкадан құйып кеткенмін. Қалғандарында жоқ. Сенделіп жүргеніміз осы. Ал енді ол қашан болады, не себепті жоқ? Сұрасаң ешкім айтпайды.

Жергілікті билік, аймақтағы автогаз өндіруші кәсіпорында жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына байланысты тапшылық туындап отырғанын жасырмайды. Қазан айында облысқа қажетті автогаз көлемі 529 тоннаға қысқарған. Дегенмен, салаға жауапты мекеме жақын күндері қажетті сұйық отын жеткізіледі деп сендіруде.

Азамат Қаюпов, Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:

Қазан айының көлемі толығымен әлі алынған жоқ. 2 мың тоннаға жуық газ алынатын болады. Оның үстіне Энергетика министрлігімен жұмыс атқарылып, қосымша 504 тонна келе жатыр.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу