Жамбыл облысында жер саудалағандар сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жер саудалағандар сотталды

18.10.2023

Жамбыл облысында сібір жарасынан өлген төрт-түлікті көметін санитарлық жерді саудаға шығарғандар сотталды. Тараз әкімдігінің жер қатынастар бөлімінің бұрынғы басшысы мен сектор меңгерушісі 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қос қызметкер 2 жыл бұрын мал өлекселері көмілген шаруаның 3,5 гектар жерін мемлекет «мұқтаждығы үшін» деген желеумен тәркілейді. Артынша, оны дәл осындай аумақты алып жатқан 14-ші шағын аудандағы коммерциялық телімге ауыстырып жібереді. Сөйтіп, жердің жартысын автосалон салмақ болған кәсіпкерге 93 млн теңге сатады. Ал саудаға түскен жерде қаланың жаңа ауданы бой көтеру керек болған. Қызметін асыра пайдаланғандар мемлекетке 121 млн теңгеге шығын келтірді.

Аяла Құдайберген, Тараз қалалық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:

Мемлекеттік қызметкерлер жер учаскелерін 2021 жылы заңсыз сатып, аталған заңбұзушылық 8 ай арасында анықталған. Қазіргі таңда сот шешімімен жер учаскесі мемлекеттік қорға қайтарылды. Оларға мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, екеуін де 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу