Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырған 13 қылмыстық топтың ісі әшкере болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырған 13 қылмыстық топтың ісі әшкере болды

18.10.2023

Шымкентте жыл сайын 10 мыңға жуық адам қаржы пирамидаларының арбауына түсіп, интернет алаяқтарына тұтылады. Күмәнді сайттарға сеніп ақша аударып, сан соғып жатады. Мұндай деректі экономикалық тергеп тексеру департаменті келтіріп отыр. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында мегаполис жастарының қатысуымен «Әділетті Қазақстан: экономикалық қауіпсіздік пен тұрақтылық кепілі» акциясы өтті.

Жыл басынан бері Шымкентте қаржы пирамидасын ұйымдастырған 13 қылмыстық топтың ісі әшкере болды. Олардың онының ісі қазір сотта қаралуда. Анықтау, іздестіру, тергеу жұмыстары аяқталғанымен алаяқтардың арбауына түскендер әлі де табылып жатыр.

 Комилхон Ысмайлов, Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:

 Қаржы пирамидасына ақша салған адамдарды зерттесек негізгі бөлігі мұғалімдер, медицина қызметкерлері, әйел адамдар 1 миллион, 300 мың теңге, біреулері несие алып қаржы пирамидаларына құйған.

Интернет алаяқтық, құмар ойындарға бас тігу, онлайн несие рәсімдеу, лудомания. Оңай олжа іздегендер қаржы пирамидасынан бөлек осындай істердің де жиі құрбаны болады. Құқық қорғау органдары ұйымдастырған арнайы акция барысында 2 мыңдай азаматқа түсіндіру жұмысы жүргізілді. Олардың арасында жастар да бар.

Лола Әшірматова, студент:

Біздің арамызда ондай адамдар, достарымыз бар. бірақ олар бұл іске әдейі бармайды. Білмегендіктен ұрынады. Мұндай акциялар құқықтық сауаттылықты үйрету үшін керек.

Акцияға Астана қаласы жастар театрының әртістері де қатысты. Сахнада құмар ойын шырмауына шатылған жастардың өмірі көрсетіліп, соңы арнайы концертке ұласты.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу