Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» ІІІ форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» ІІІ форумы өтті

18.10.2023

Қытай астанасы Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумы салтанаты түрде ашылды. Ауқымды іс-шара бұл жолы «Белдеу мен жол: ортақ даму мен гүлдену үшін бірігу» тақырыбын арқау етіп отыр. Форумға 130-дан астам мемлекеттен делегация келген. Қазақстан тарабын Қытайға ресми сапар жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастап барды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Қазір жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» форумының ашылу салтанаты өтіп жатыр. Онда алдымен Қытай төрағасы Си Цзиньпин сөз алып, жобаны дамытуға қатысты сегіз бастама көтерді. Ол өзара байланысты көлік желісі, цифрлық платформалардағы сауда-саттық, аймақтық жобаларды несие беру арқылы қолдау, жасыл экономиканы дамыту, ғылыми-техникалық инновацияны демеу, гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту секілді тармақтарды қамтиды. Одан кейін Ресей президенті және үшінші болып Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы аталған бастаманы Ұлы жібек жолын жаңғыртқан 21 ғасырдың мегажобасы деп сипаттады. Әрі онда Қазақстанның транзиттік, көлік-логистикалық әлеуеті тиімді пайдаланылып жатқанына тоқталды.

Ашылу салтанатынан кейін бірнеше панельдік сессиялар өтеді. Ол отырыстар көлік-логистикалық қарым-қатынас, теңіз ісі бойынша ынтымақтастық, жасыл энергетиканы дамыту секілді бірнеше секторға бөлінеді. Ал президенттердің қатысуымен өтетін пленарлық сессия түстен кейінге жоспарланған. Хлықаралық сауда-инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға арналған «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасы алғаш рет Астанада жарияланған еді. Биыл бұл бастамаға 10 жыл толды. Қазір бұл мегажобаға 150-ден астам ел мен халықаралық ұйым мүше.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу