Президенттің Қытайға сапары: 35 құжатқа қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің Қытайға сапары: 35 құжатқа қол қойылды

17.10.2023

«Қазақ-қытай қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге екі елдің де орасан зор әлеуеті бар». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары аясында Си Цзиньпинмен келіссөзде осылай мәлімдеді. Әрі Қытай төрағасын Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 3-ші форумы қарсаңында Президент Бейжіңде бірқатар кездесу өткізіп, өзі оқыған университетке барды. Қытайдан әріптесім Данияр Қайыртай толықтырады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Президент соңғы бір айда АҚШ-қа, Еуроодақтың бас ойыншысының бірі – Германияға және Ресейге жасаған сапарларынан кейін Қытайға келді. Ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасымен және басқа да билік тармақтарының өкілдерімен келіссөз жүргізді. Әрі ірі компания басшыларымен кездесті.

Екі ел басшылары делегацияларымен бірге Халық жиналысы үйінің Үлкен шығыс залында келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті қазақ-қытай қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын айта келе елдер арасында ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталғанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады.

Мемлекет басшысы осы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге екі елдің де зор әлеуеті барын айтты. Осы мүмкіндікті пысықтау үшін Қытай төрағасын ендігі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Ал Си Цзиньпин Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын тағы бір ескертті.

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:

Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған жылдар ішінде, біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алдық.

Келіссөз кезінде екі жақты байланыстың сан саласы қамтылды. Мемлекет басшылары бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына да тоқталды.

Тұрсынхан Зәкен, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры:

Сауда және энергетика байланысы, көлік-инфрақұрылым, логистика, одан кейін қауіпсіздік бағытында. Осындай 4 үлкен бағытында Қазақстанмен қарым-қатынасын, ОА-мен қарым-қатынасын тереңдетуге Қытай өте мүдделі.

Осы негізгі бағыттар бойынша тараптар бірқатар уағдаластыққа да қол жеткізді.

Геосаяси ахуал ушыққалы Транскаспий дәлізінің маңызы артқан. Үкіметтер арасында осы бағытты дамыту жөнінде және Қытайдан Еуропаға тасымалданатын контейнерлік пойыздардың жылдық қуатын 5 есе ұлғайту туралы келісім жасалды. Сосын жаңа теміржол желісін салу бойынша меморандумға қол қойылды.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Қазір үшінші теміржол өтпесін салу мәселесі пысықталды, сол құжатқа сәйкес. Онда тек қана теміржол өтпесін ғана салу емес, соның маңайында тиісті терминалдық проход салу және Қазақстанның Аягөз қаласынан Тачэнге дейін теміржол желісін салу мәселесі қарастырылған.

Мемлекет басшысы қытайлық ірі компания басшыларымен де кездесті. «Sinopec» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэн ендігі жылы Атырауда полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталатынын айтты. Мұнай-газ химиясына жататын мұндай ауқымды жоба Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы:

Екінші қол қойылған құжат – полиэтилентерефталат шығаратын зауыт. Жалпақ тілмен айтқанда, пластик бөтелке, синтепон және синтетикалық жіптер. Полиэтилентерефталат толығымен импортталады. Сондықтан неге осыны бізде өндірмеске деп ойлаймыз.

Президент мұнай химиясы өнеркәсібі саласындағы серіктестікті нығайту туралы «Сitic Group» компаниясының басқарма төрағасымен Ақтаудағы «Caspi Bitum» зауытын кеңейту туралы, ал әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналатын СRRC компаниясының атқарушы директорымен 1,3 млрд долларға 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алынатыны туралы келісісөз жүргізді. Электронды коммерция мен көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері курьерлік компанияның басшысымен талқыланды.

Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы:

YTO компаниясы тарапынан инвестиция жасайды. Қазақстанды ОА-ның логистикалық хабына айналдырғысы келеді. Бұл үлкен қоймаларды жасау, яғни, фулл центрлер дейміз.

Данияр Қайыртай, тілші:

Президент Қ.Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуден кейін мемлекетаралық келісімдерге қол қойған. Енді екі елдің компаниялары арасындағы мынадай коммерциялық құжаттарға қол қою рәсіміне қатысады.

Бұл құжаттардың саны көп, аясы кең. Жалпы құны – 16 жарым млрд АҚШ долларынан асады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі білім алған Бейжің Тіл және мәдениет университетінің аумағында орта ғасырлық ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған бюстті ашу рәсіміне қатысты. Президент өз сөзінде Әл-Фарабидің әлемдік өркениетке қосқан зор үлесіне айрықша тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңызға мәлім, Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Әл-Фараби Қазақстан аумағында туып-өсті, білім іздеп көптеген елге барды. Математика, жаратылыстану, астрономия, филология және басқа да бірқатар ілімді дамытуға зор еңбек сіңірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжің лингвистикалық институтында тағылымдамадан өткенінде өзіне дәріс берген профессор Лю Шициньмен әңгімелесті. Сосын өзінің архивтік құжаттарымен танысты. Әрі осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті.

Ертең Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысады. Әрі тағы бірнеше кездесу өткізеді деп жоспарланған.



Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу