Елімізде соңғы 3 айда отбасылық зорлық-зомбылық 4 есе көбейген. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, бұған тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша заңнамалық өзгертулер әсер етті. Дегенмен бұл жаңашылдықтар мәселенің реттелуіне ықпал етіп жатыр. Зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеушілік принципі қалыптасып келеді. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.
Жыл басынан бері тұрмыстық жанжалқойларға қатысты 51 мың әкімшілік хаттама рәсімделген. 13 мыңнан астам адам қамауға алынды, 11 мың ерекше талап белгіленді. Кикілжің болған отбасылардың 43 пайызы ғана сотта татуласқан.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Өкінішке қарай, бүгінгі статистика көңілді көншітпейді. Соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді жүргізу біздің жіті назарымызда.
Өңірлерде отбасыларға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылған. Бұл әлі де аздық етіп тұр. Алдағы 3 жылда тағы 100-ге жуық осындай орталық ашылмақ. Ең бастысы, зардап шеккендерге көмек көрсетумен ғана шектелмей, мұндай жағдайларды болдырмауға ерекше назар аудару мәселесі жіті назарда.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Талдау нәтижесі көрсеткендей тұрмыстық құқық бұзушылықтардың жартысы мас күйінде жасалады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейді. Бұл ретте жедел желі мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту қажет.
Ал ащы суға тойып алып ылаң салатындарды айықтыру оңай болмай тұр. Мәжбүрлі емдеу орталықтарын былай қойып, бір күндік айықтыру орталықтары да жоқтың қасы.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
Ел бойынша тек 880 орындық 35 айықтыру орталығы жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы ірі қалаларда. Айықтыру орындары өте қажет шағын елдімекендерде мүлде жоқ. Мекемелер күннің алғашқы жартысында ақ толып қалады. Ал мас адамдардың көбі кешкі және түнгі уақытта жеткізіледі. Еліміз бойынша кемі 31 айықтыру орталығын ашу керек.
Ішкі істер министрлігіне бұл мәселе бойынша әкімдіктер тарапынан көмек қажет. Жалпы, заңға соңғы енгізілген өзгертулер бойынша тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыздану түрінен анықтау сипатына көшкен. Енді полиция тұрмыстық зорлық зомбылық фактісін тіркесе біреудің арызын күтпей-ақ іс қозғай береді. Бұл жанжалқойларды сабасына түсіреді, деді Ішкі істер министрінің орынбасары.
Оңғар Алпысбайұлы