734 мың адам жұмыспен қамтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

734 мың адам жұмыспен қамтылды

17.10.2023

Жыл басынан бері елімізде 734 мың адам жұмысқа орналасты, олардың тең жартысы - жастар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Биыл 734 мың адам жұмыспен қамтылды. Жалпы 1 млн-ға жуық, яғни 947 мыңнан астам азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінге дейін 9 айдың қорытындысы бойынша мақсат 77 пайызға орындалған. Жұмыс орындарының басым бөлігі ұлттық жобалардың аясында ашылған. 45 мыңнан астам. Олардың ішінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жобалары бар. Ең негізгі ерекшелік – екі қолға бір күрек тапқанның тең жартысы 35 жасқа дейінгі жастар. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсуді тапсырды. Ал жұмысы жоқ, қолы бос адамдардың ішінде ішімдікке әуестенетіндер көбейеді. Қаржылық қиыншылықтар отбасылық кикілжіңдерді көбейтеді.


Бүгінгі Үкімет отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де қаралды. Жыл басынан бұл мәселе бойынша 51 мың әкімшілік хаттама толтырылған екен. Енді алдын алу шараларына ерекше мән берілуі керек. Премьер-Министр Әлихан Смайылов қаралған барлық сұрақтар бойынша ерекше жұмыс істеуді тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу