Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті

16.10.2023

Бүгін қазақ поэзиясының бәйтерегі құлады. Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы 74 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев ақынның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. «Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына мол әдеби-мәдени мұра қалдырған Несіпбек Айтұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды»- деді.

«Керек қылса жолында оның құрбанбыз. Бәріне де белді бекем буғанбыз.

Кеудеңдегі жалғыз жүрек секілді, Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!».

Иә, бүгін бостандық жырының бозжорғасы бақиға аттанды. Тұтас қазақ елі һәм әдебиеті қара жамылды.

Тұрсын Жұртбай, жазушы, ғалым:

«Оның жүрегі де, қан тамыры да, миы да қара өлеңнен сусын алып, өлеңдеп кетті. Мына дүниенің қызығы өлеңсіз, ұйқассыз, жарасымсыз , ол үшін мағынасыз көрінетін. 75 ке қараған шағында ол қазақ сөзінің, оның ішінде дастанының дәрежесін бір биікке көтерді. Келер күндердегі, ғасырлардағы қазақ сөзінің , тінін, тамырын тарататындар енді осы Несіпбек жеткен жерден ары қарай жалғастыратын болады».

Несіпбек Айтұлы әдебиетке құбылыс болып келді. 23 жасында-ақ «Қозы көш» деген кітабын шығарды. Сол «Қозы көші» ұлы көшке ұласты. 30-дан аса топтамасы жарық көрді. Кең тынысты эпикалық поэмалары тап осы жанрды жаңғыртты. Ол қазақтың батырларын жырлағанда руға бөлмей, ұлттық деңгейде қалам тербеді. Несіпбек Айтұлы елдікті, азаттықты жырлаудың үлгісін көрсеткен төкпе ақын.

Арман Шеризат, ақын Н.Айтұлының шәкірті:

«Бұл кісі енді әдебиетте поэзияда үлкен мектеп қалыптастырған ақын. Сонау Мұқағалилерден бата алған, бүгінде көненің көзіндей болып, осы Астананың Астана болғалы рухани келбетін қалыптастыруға үлкен ықпал еткен тұлға».

Несіпбек Айтұлы әлем әдебиетіндегі жауһар жырларды қазақша тәржімалады. Бұдан бөлек, ән-өлең жанрына да ерекше үлес қосты. «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Қазақтай ел қайда» секілді әндерді естімеген қазақ жоқ шығар. Ақын өмірінің соңғы жылдарында Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай директоры қызметін атқарды. Тап сол тарихи ғимаратта қазақ әдебиетіндегі үш бәйтерекке қарап тұрып, қазақ поэзиясының бір бәйтерегі былай деп еді:

Бұл үшеуін бөліп қарауға болмайды. Тағдыры да, тыныс тіршілігі бір болған. Мен бір өлеңімде айттым ғой.

«Мен дағы бір белгімін ғасырдағы,

Дүркіреп дәурен көшер басымдағы,

Ұстамын ескі өлеңмен өлең соққан,

Көз жазбай көргенімнен жасымдағы-деп.

Біздің де басымыздан дәуір көшеді ертең, мәңгілік ешкім жоқ. Бірақ, халық, ұлт, атамекен мәңгілік болу керек. Мен соны армандаймын».

Қаламгермен қоштасу ертең Әзірет Сұлтан мешітінде өтеді.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу