Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері бас қосты

11.10.2023

Қасиетті кітапты өртеу – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев әлемдік және дәстүрлі діндер съезі хатшылығының ХХІ отырысында осылай деді. Астанада өтіп жатқан жиында осы сынды әлемде өзекті талқыланып жатқан мәселелер қаралды. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақстан қашан да ынтымақтастық пен бейбітшілікті қолдайды. Осы ұстаныммен жаһанға танылған. Ал әлемдегі геосаяси жағдай ушыққан сайын мәдениет аралық және дінаралық қақтығыстарды болдырмау күн тәртібіндегі ең өзекті мәселеге айналып келеді.

Жиынға 22 елден 30-ға жуық делегация келген. Барлық дін лидерінің мүддесі бір: әлемді бейбітшілік пен тұрақтылыққа шақыру. Ал қазір жағдай күннен күнге ушығып барады. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі оқылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңызды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының 21-ші отырысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл бастама қысқа уақыт ішінде өзінің өзектілігін дәлелдеп, өркениетаралық диалогтың маңызды алаңына айналды. Форум діндер арасындағы достық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзаттың өзекті мәселелерін шешуге және төзімділікті насихаттауға әрқашан өз үлесін қосып келеді.

Кез-келген дін және мәдениет өзгелерге зиянын тигізбеуі шарт. Ал оның өкілдерін, қасиетті кітаптарын қорлау вандализмнің белгісі деді Съез хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан дінаралық және конфессияаралық диалогты бейбітшілік мәдениетінің ажырамас элементтері екенін айтты. Қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілеріне алаңдаушылық білдіретінін де жеткізді. Бұл барып тұрған вандализм және халықаралық, дінаралық кикілжің тудыруы мүмкін.

Қазір дінді жамылып дүрбелең салатындар көп. Таяу шығыстағы тұрақсыздық соның айқын көрінісі. Осы мәселені ортаға салу үшін жиынға арнайы келгендер де бар.

Джоэл Адлер, Ашкенази Раввинінің өкілі:

Таяу Шығыста адамдарды айуандықпен өлтіріп, оны әлеуметтік желілерге жүктеп жатыр. Қарттар мен балаларды тұтқынға алды. Ал, өздерін мұсылманбыз деп жариялайды. Олар мұсылман емес, жай ғана дінді жамылдған лаңкестер. Біз олармен барлығымыз бірге күресуіміз керек.

Әр дін өз мәселесімен бөлек күрессе жеңіске жету мүмкін емес. Жай ғана насихат та жеткіліксіз. Сондықтан күш біріктіру заман талабына айналып бара жатыр деді қатысушылар.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:

Диструктивті діни ағым дейміз ғой. Мұның алдын алу үшін әрине заңды тетіктер қажет. Өйткені бұл біздің тұрақтылығымызға қауіп төндіретін болса әрине оның міндетті түрде заңмен алдын алуымыз керек.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бүгін бекіді. Оның негізінде әлемдік дін өкілдері алдағы 10 жыл бойы бірлесіп жұмыс істемек.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу