Солтүстік Қазақстандағы сүт зауыты ауыл тұрғындарына 150 млн теңге қарыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстандағы сүт зауыты ауыл тұрғындарына 150 млн теңге қарыз

10.10.2023

Солтүстік Қазақстан облысында жаз бойы сиыр сауып, сүт тапсырған 14 ауылдың тұрғындары ақысын ала алмай жүр. Көпшіліктің айтуынша «Экомол» серіктестігінің берешегі 150 млн теңгеден асып кеткен. Табыстан қағылған халық қысқы мал азығы мен отын-көмір сатып ала алмай отыр. Ал сүт зауытының басшылығы дайын өнім өтпей жатқанын айтып ақталды. 

Эльмира Кәленова, тілші:

Покровка ауылында 300-ден астам шаңырақ түтін түтетіп отыр. Елі мекенде мектеп, әкімдік пен фельдшерлік пункттен басқа нысан жоқ. Яғни, халықтың негізгі табыс көзі – мал. Көпшілік маусым айынан бері маңдай термен тапқан ақшасын даулаумен келеді.

Солардың бірі Пернебек Қожамұратов. Бірер жыл бұрын үйін кепілге қойып, несие рәсімдеп, сауын сиырлар сатып алған. Банк алдындағы берешегін өтеу қиындап бара жатқанын айтады. Әлі күнге малға жем-шөп ала алмай отыр.

Пернебек Қожамұратов, ауыл тұрғыны:

Басты проблема – малдың азығы. 2 млн зият керек қой. 20 тоннаға жуық жем аламын, ол маған жазға дейін жетуі керек. Ерте көктемде далада бәрібір шөп болмайды, оған жем бермесең, тағы болмайды.

Ауылда 8 табын қара мал бар. Тұрғындардың басым көпшілігі сүтті ауыл шаруашылығы кооперативіне тапсырады. Жергілікті кәсіпкер шикізатты облыс орталығындағы «Экомол» серіктестініге жеткізеді.

Нұрхан Бакеев, кәсіпкер:

3 млн-ға шот-фактура қойсақ, соның 20 пайызын береді, 10 пайызын береді. Қазіргі кезде 50 мен 60 млн-ның арасында қарыз болып кетті. Кісілер қатты қиналып кетті. Сүттің ақшасын бізден сұрайды, біз олардан сұраймыз. Күнде ертең дейді.

Сол «ертең» 4 айдан бері жалғасып келеді. Сүт зауытының басшылығы дайын өнімді өткізе алмай отырғанын айтып, қоймаларын көрсетті. Ірімшік пен май тау болып үйіліп жатыр. Айтуынша 100 тонна өнімді қайда жіберерін білмей отыр.

Бахыт Рашитов, Сүт зауыты директорының орынбасары:

Ресейден арзан, сапасы төмен сүт өнімдері келіп жатыр. Біз бәсекеге төтеп бере алмай қалдық. Қарыз жиналып қалғанын мойындаймын. Тауарды өткізген сәтте берешекті қайтарамын. Бірақ нақты қай күні екенін айта алмаймын.

Серіктестік өндіріс көлемін екі есе азайтуға мәжбүр болған. Ал ауыл тұрғындары қарыз жуық арада қайтарылмаса, қорадағы бар малды ет комбинаттарына өткізуге мәжбүр боламыз дейді.


Эльмира Каленова

Хабарламаларға жазылу