Ақтөбеде құбыр жарылып, газ ауаға тарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде құбыр жарылып, газ ауаға тарады

10.10.2023

Ақтөбеліктер өткен түнде біраз әбіргерге түсті. Өйткені, шаһардың «Батыс-2» деп аталатын ауданында бірнеше минут бойы ұшақ даусына ұқсас қатты дыбыс естіліп тұрған. Түнгі сағат 20:51-де Төтенше жағдайлар департаментіне газ реттеу бекеттерінің бірінде жарылыс болғандығы туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен газ желісіне жауапты қызметкерлер лезде жетті. Өрт болған жоқ. Себебі, құбыр жарылған жер ылғал болған әрі жаңбыр жауып тұрды. Алайда ауаға 12 мың текше метр газ шыққан. Мамандар ақауды уақытша жойды. Ал, тұрғындарға көгілдір отын қосымша желіден берілді.

Ділдабай Тайшымов, Ақтөбе газ құбырлары басқармасының директоры:

Конденсат сборник дейміз ғой, соның төменгі жағындағы сваркамен отырғызылған қақпағы ұшып кеткен.Оның диаметрі 300 миллиметр. Содан газ шыққан. Әрмен қарай зерттеп, ол қалай болды, неге болды, неге сваркасы ұшып кетті, барлығын анықтаймыз.

Жауаптылардың айтуынша, ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиғаға қатысты комиссия құрылды. Ақауға нақты не себеп болғаны әзірге айтылмады. Белгілісі, бұл газ құбыры 2021-інші жылдың желтоқсанында қолданысқа берілген. Яғни кепілдік мерзімі өтпегендіктен жөндеу жұмыстарына мердігер мекеме жауапты.

 Болат Серіков, қалалық түкш және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Келісім шарт бар, «Қазтрансгазаймақ» қызмет көрсетеді. Сосын бұл құбыр әлі екі жыл гарантиясы біткен жоқ.Осы жылдың желтоқсан айына дейін уақыты бар. Сол себептен қазір мердігер мекеме де басында.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу