Ауруханада ем алатын науқастарға порталға тұру мәселесі жеңілдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауруханада ем алатын науқастарға порталға тұру мәселесі жеңілдейді

06.10.2023

Науқастарға порталға тұру жеңілдейді. Мұны денсаулық сақтау министрі Сенатта өткен жиында айтты. Сонымен бірге мектеп мұғалімдері үшін методика мен педагогикаға қатысты тестілеу алынып тасталады. Халықты сапалы медициналық көмек алу және ұстаздың жұмысын жеңілдету үшін қандай ауқымды істер қолға алынғанын Самал Қабышева айтып береді.
Қазір ауруханаға тек шұғыл медициналық көмекке зәру науқас ғана бірден жатқызылады. Ал, жоспарлы ем, ота жасататындар түрлі тексерістен өтіп, әлекке түседі. Министр енді медициналық емге мұқтаж жан сергелдеңге түспейтін болады дейді.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Анализдерді азайту, халыққа көмекті тезірек алу үшін, уақытын азайту жөніндегі осы айдың аяғына дейін бұйрық қабылданатын болады. Мысалы, бұрын травмотологиялық операцияға 30 шақты зерттеулерден өту керек болса, соны тек азайтып, тек он шақты, тек өзінің сол пациенттің операцияға керекті анализдерін тапсыратындей етіп, қарастырып жатырмыз.
Сондай-ақ амбулаториялық мекемелерге берілетін дәрі-дәрмектің тізімі ұлғаяды. Мәселен, 2019 жылы 48 ауру бойынша дәрі-дәрмек тегін берілсе, биыл 126 ауру түріне тегін дәрі берілуде. Яғни, елімізде 4 млнға жуық адам ( 3,8 млн.адам) тегін дәрі-дәрмек алып отыр. Министр, әсіресе, қан қысымын емдеуге арналған препараттарға сұраныс жоғары екенін жеткізді.
Ал, оқу-ағарту министрі, екі жылдың ішінде 369 мектеп пайдалануға берілетінін жеткізді. Соңғы үш жылда 380 мың оқушыға 626 мектеп пайдалануға берілген. 2020 жылы 81 мың орындық 102 мектеп, 2021 жылы – 163 мың орындық 277 мектеп, 2022 жылы 136 мың орындық 247 мектеп тапсырылды. Ал, мұғалімдер жөнсіз тестілеуден жақында құтылады.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Тестирование методика мен педагогикаға қатысты толықтай алынып тасталады. Оның қажеттілігі жоқ. Қазір бұйрықтың жобасы әзірленіп жатыр. Ол жерде Президент тапсырған мәселелердің барлығы толықтай қарастырылады.
Парламенттік комиссия отырысы өтті. Медицина мен білім салаларындағы атқарылған жұмыстар пен жоспарлар Сенатта баяндады. Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Парламенттік комиссия отырысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өтті. Жиынға БҰҰ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қала және облыс басшылары қатысты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
Мемлекет басшысы еліміз үшін аталған мақсаттарға қол жеткізу Ұлттық басымдыққа ие екенінде айтты. Сондықтан Парламент Үкіметпен және азаматтық, сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, мақсаттарға қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізеді. Парламенттік комиссия дәл осы мақсатпен құрылды.
Сенат төрағасы еліміздің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін жүйелі тәсілдерді қалыптастыру қажеттігін тапсырды.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу