Медаль жауған күн: Азия ойындарында спортшыларымыз 9 жүлде иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медаль жауған күн: Азия ойындарында спортшыларымыз 9 жүлде иеленді

05.10.2023

Медаль жауған күн. Азия ойындарының мәресі жақындаған сайын Қазақстан спортшылары қамшы басып, жүлдені қанжығасына байлап жатыр. Бүгін спортшыларымыз 9 медаль иеленді. 

 Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Спортшыларымыз бүгін жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Бірінші болып велошабандоздар жүлде иеленді. Қос бірдей спортшымыз негізгі топтан қара үзіп, мәреге бірдей келді. Сонымен Евгений Федоров 207 шақырымға жарыста алтын жүлдеге ие болды. Ал Алексей Луценко күміс медалді еншіледі. 

Евгений Федоров, Азия ойындарының чемпионы:

Жиырмасыншы шақырымнан бастап оза бастадық. Алексей екеуіміз бірлесе, мәреге дейін жеттік. Біздің мақсат тек жеңу еді. Командалық жұмыстың арқасында оны орындадық. Эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өте қуаныштымы.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Жеңісті жолды джиу-джитсу шеберлері де жалғастырды. 69 келіде өнер көрсеткен Нұржан Батырбек қарсылас шақ келтірмей, кезекті алтын жүлдені қоржынға салды. Ол финалда БАӘ спортшысымен кездесіп, 4-2 есебімен басым түсті. Сонымен қатар 62 келіде Мансұр Хабибулла және 69 келіде Серік Алдияр қола жүлдегер атанды. Каратешілер де бірден екі медаль ұтты. Спорттың бұл түрінен жарыс бүгін ғана басталған. Лаура Әліқұл бүгін екі бірдей жекпе-жегінде азия чемпиондарымен кездесіп, финалға дейін сүрінбей өткен еді. Ақтық бәсекеде жергілікті спортшыға жол беріп, күміс медаль иеленді. Ал тәжірибелі спортшы Нұрқанат Әжіқанға бүгін тең келер қарсылас болмады. Ол финалда иорданиялық спортшыны 8:0 есебімен уақытынан бұрын ұтып, алтын жүлдеге ие болды. Нұрқанаттың жеңісті сәттен кейінгі сұхбатына назар салсақ.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Ал жаңа ғана мына Ханчжоудағы бокс аренада бүгінгі күннің басты бәсекесі болды. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен жұдырықтастыАл, оған дейін Карина Ибрагимова шаршы алаңға шыққан. Ол тайпейлік боксшымен кездесіп есе жіберді. Айта кетейік тайпей спортшысында еркек гармоны басым. Сондықтан да оны халықаралық жарыстардан шеттетіп жүрген. Алайда азия ойындарына қатысуға ешкім кедергі болмаған. Карина былайша айтқанда еркекте ұтылды десек те болар. Әйтпесе жерлесіміздің қыз-келіншектер арасында мықты екені даусыз.


Хабарламаларға жазылу