Маңғыстауда ер мұғалімдер саны көбейген. Бұрын мектептерде бірен-саран азамат жұмыс істесе, соңғы 4 жылда ер-азамат педагогтардың саны-2 мыңнан асқан. Мысалы Мұнайлы ауданындағы мектептердің бірінде 70-ке жуық ер адам бар. Соның басым бөлігі оқушыларға білім береді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Біз қазір Батыр ауылындағы нөмірі 10-шы мектептеміз. Мұнда 62 ер педагог жұмыс істейді. Солардың бірі – технология пәнінің мұғалімі Жанұзақов Мейірім. Ол темірден түйін түйген шебер. Қазір сабақ беріп жатыр. Сәлеметсіз бе, сіз осында «Қалдықсыз мектеп» жобасының жетекшісі екенсіз. Осыны өзіңіз ойлап таптыңыз ба?
Мейірім Жанұзақов, технология пәнінің мұғалімі:
Жоқ, бұл мектептің жобасы. Мысалы, мына бүлінген орындықтарды, сынған мүлікті балаларға қалай жөндеуді үйретіп жатырмыз. Енді қазіргі сәтте осы балалардың арқасында 1500 орындық, 600 парта жөндедік.
Ал, Ермек Отарбаев ұжымға биыл қосылды. Физика пәнінен сабақ береді. Өзі осы мектептің түлегі. Ұшқан ұясына жас маман болып оралған.
Ермек Отарбаев, физика пәнінің мұғалімі:
Қазіргі таңда оқушылардың дүниетанымы өте кең. Соған байланысты біз жаңа технологиялар, жаңа методикалардың көмегімен сабақты қызықты әрі танымды өткізуге тырысамыз.
Білім беру ұйымында 2500-ден астам оқушы оқиды. 181 мұғалім бар. Ер педагогтардың басым бөлігі қазақ тілі, тарих, география, математика сияқты негізгі пәндерден сабақ береді.
Құралай Нұрманова, №10 мектептің директоры:
Ер адамның жүрісінің өзі мектеп ішінде үлкен тәрбие. Балалар, ер жігіттер мына жасөспірімдерге олардың өмірі үлгі- өнеге.
Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұдан 4 жыл бұрын аймақта 1 мыңдай ер мұғалім болған. Бүгінде көрсеткіш 2 есе өсті. Бұған мұғалімдердің әлеуметтік жағдайының түзелуі себеп болған.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Облыста 16 мыңнан астам мұғалім болса, соның 2024-і ер адам. Ер педагогтар әсіресе осы Мұнайлы ауданында көп. 500-ге жуық мұғалім бар. Одан кейінгі орында Бейнеу ауданы, онда 400-ге жуық ер мұғалім жас ұрпаққа білім беруде.