Мультфильмнің «мұзбалағы» болу неге қиын? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мультфильмнің «мұзбалағы» болу неге қиын?

01.10.2023

Осы аптада еліміздегі жалғыз балалар телеарнасы «Balapan»-ның туған күні болды. 2010 жылы 27 қыркүйекте ашылған арна 13-ке толып, бір мүшелден асты. Мерейлі күннің қарсаңында Астанада «Анимацияның бүгіні мен болашағы» атты уоркшоп өтті. Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған шараға әлемге танымал аниматорлар келіп, саладағы мәселелерді талқылады. Ол туралы сәл кейін...

Ал, бүгінге дейін «Balapan» арнасының тапсырысымен 150 мультфильм түсіріліпті. Олар көгілдір экран арқылы да, әлеуметтік желілер арқылы да көрсетіліп жүр.

Қарлығаш Жұрмаханқызы, «Balapan» телеарнасының бас режиссеры: 
2010 жылдан бері мына елімізде өндірілген отандық өнімдердің 90 пайызы «Балапанға» тиесілі деп айтсақ та болады. 2023 жылы «Balapan» арнасының бюджеті 2 есе артып, анимация өнімінің сериялар саны көбейді.
«Balapan» анимацияға тапсырыс беруші елдегі негізгі ұйым. «Алпамыс», «Сәби», «Тоқты мен Серке», «Алан мен Қозықа» сынды мультфильмдері ютубта 3-4 млн қаралым жинайды. Телеарна өнімдері шет елдік нарыққа да шығып жатыр.

Қарлығаш Жұрмаханқызы, «Balapan» телеарнасының бас режиссеры:
Мысалыға біздің «Тынымсыз шөжелер», «Шахмат патшылығы», «Сәби» сияқты жобаларымыз +испан, португал, ағылшын тілдерінде көру мүмкіндіктері бар.

Демек, Қазақстандық анимацияға сұраныс бар. Бірақ, сол қаншалықты қамтылып отыр? «Қазақфильмнің» мәліметінше, соңғы 55 жылда 200-ден аса мультфильм жасалған. Дегенмен, арасынан танымал кейіпкерлерді табу қиын. Бірақ, Қазақстандық өнімдердің шет елдік байқаулардан жүлде алып жатқанын жиі естиміз.

Жәнібек Оразалы, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:
Жақында ғана «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» деген анимациялық фильм Токиодан Гран-При алды. Түркиядан алды. «Мұзбалақ» деген фильмімізді білесіздер 2017 жылы шыққан. Ресейден, Франциядан, Үндістаннан әлемнің 6 үздік елінен үздік анимациялық фильм номинациясын алды.
«Мұзбалақ» ютубта 8 млннан аса қаралған. Ең көп көрілген мультфильмдердің бірі. Бірақ, салыстырып көрсек, Ресейдің «Маша мен Аю» сериалының 800 млн рет қаралған бөлімдері бар. Яғни, 100 есе жоғары. Сізде балаңыздың «Маша қойып берші?» дегенін естіген боларсыз.

Ал, әлеуметтік желіні жаулап тұрған осындай шет елдік өнімдерге бәсекелесу үшін қайтпек керек? Қазақ анимациясы саласында қандай түйткілдер бар? Аманкелді Сейтхан саралап көрді...

Аманкелді Сейтхан, тілші:
«Қазақ анимациясы» деген кезде Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мульфильмі еске түседі. Нью-Йорктегі халықаралық фестивальден жүлде алған деп те мақтанамыз. Бірақ, одан бері жарты ғасыр өтті. Ал қазіргі қазақ балалары не көріп жүр?
Әлихан Жақсылық, жазушы, сценарист:
Қазір балалардың барлығы, ата-аналардың өздері де қазақша контентті қатты жақсы көреді. Мысалы, «Аю әні» деген 30-40-50 млн-ға дейін кетіп қалған кездері бар.
«Қошқар мен Теке» деген танымал, балалардың аузында, үлкендердің аузында солардың диалогтары жүр.

Серік Балтабаев, «Rio animation» студиясының директоры:
Жылдан жылға сұраныс ұлғайып бара жатыр мемлекеттік тараптан. Басты, 100 пайыз анимацияға тапсырыс беретін «Balapan» арнасы, одан кейін «Қазақфильм» бар.

Қасиет Сағидолла6 «Qazart media» студиясының директоры:
Біз мына студиямызды 2016 жылы құрдық. Сол кезде бүкіл Қазақстан бойынша нақтылы жұмыс істеп жатқан 5-6 студия болатын.
Қазір Қазақстанда 40-тан астам анимация студиясы бар. Бірақ, танымал мультфильдер көп емес. Неге?

Серік Балтабаев, «Rio animation» студиясының директоры:
Ютубқа аптасына 2-3 ролик ән ретінде «Қуыр-қуыр-қуырмаш», «Бесік» әндерін біз негізі салып жүрміз өз тарапымыздан...

Әлихан Жақсылық, жазушы, сценарист:

Анимациядағы ең үлкен проблема әр серияда оқиға бір-бірімен жалғаспайды. Яғни, бірінші серияда өрбіген оқиға екінші серияда бөлімде дамып, солай болатын болса, онда бізге балаларға кейіпкерлер танымал болушы еді.
Серік Балтабаев, «Rio animation» студиясының директоры:
Осыдан 3 жыл бұрын «Қазақфильмнің» жанынан «Қазақ анимация» деген ұйым ашылған. Мысалы, 1 млрд теңге бөлінеді «Қазақ анимацияға», сондай қаражат «Balapan» арнасына бөлінеді. Бірақ, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, «Balapan» арнасы 1 жылда 24 сағат эфирді жабады. Тура сол қаражат «Қазақ анимацияда» бар, бірақ 3 жылда 10 сериалдық анимация ешкім көрген жоқ.
Жәнібек Оразалы, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:
Өткен жылы 20 фильм жасалынды, биылғы жылы 10 фильм жасалу үстінде қазіргі таңда. Сырт көзге 1 млрд теңге көп болып елестеуі мүмкін. Бірақ «Аю мен Маша» деген 1 сериясына 300 млн теңге бөлінеді. «Аю мен Машаның» 3 сериясының бюджеті біздің бүкіл 20 студияның бір жылдық бюджеті.
Қасиет Сағидолла, «Qazart media» студиясының директоры:
Көп кісілер анимацияны жасаудың процесін түсінбейді. Дисней, дреаморкс сияқты компаниялар бір анимациялық фильмді 5 жыл жасайды. Біз қазір 1 толықметрлі анимациялық фильмді 1 жылда жасау керекпіз. Уақыттан қысылғаннан кейін шимайлап бере салатын сияқты жағдайлар да болып қалады.
Әлихан Жақсылық, жазушы, сценарист:
Бізде техника мүмкіндігін барынша пайдаланбайды. Бір «Барыстың қанатын» қақтыруға 3 аптадан ары қарай уақыт кететін уақыттары болады.
Қасиет Сағидолла, «Qazart media» студиясының директоры:
Біздің бағдарламаларымыз ескі. 2021 жылы жаңалағанбыз. Қазір 2023 жыл болды. Жарайды бағдарламаны алдық, бірақ оны біздің видеокартамыз көтермей қалады. Видеокартаны салу үшін бізде қанша 20 шақты компьютер бар, ол үлкен қаржы былай айтқанда ол ақталмайды.
Әлихан Жақсылық, жазушы, сценарист:
«Қазақфильмге», кинофондқа телміріп отырамыз. Ал, олардың өз талабы бар. Батырды, ақынды, күйшіні суреттеу. Бізге заманауи, мифологиялық кейіпкер керек.
Аманкелді Сейтхан тілші:
Шынында, атқа мініп осылай күннің дәл қасында жүретін,
Немесе аспанда айдаһармен ұшатын,
Болмаса биік ғимараттарды оңай бағындырғыш,
Ғарыш кемесімен ғаламды шарлағыш кейіпкерлер неге жоқ...
Өйткені, оны жасау оңай емес. Ал, сол арқылы ақша табу тіпті қиын...
Әлихан Жақсылық, жазушы, сценарист:
Өрмекші адамның, Бетменнің, Темір адамның, Марвельдың барлық кейіпкерлерінің атақты болу себебі олар біріншіден коммерциялық бағытта түсіріледі.
Мейіржан Сандыбай, «Ara studios» режиссеры:
Ол туындылардың артында нағыз психологтар отыр. Олар баланың жаңағы қанша уақыт көреді, қанша уақыттан кейін оны ауыстырып жібереді, барлығын зерттей келе жасалып жатқан туындылар деп ойлаймын.
Яғни, бір өнімнің өзіне түрлі маман тартылады. Ал, бізде аниматор да жетпейді.

Серік Балтабаев, «Rio animation» студиясының директоры:
3Д-да оқытатын жақсы жерлер бізде жоқ. Шет елден оқиық десек қаражатымыз жетпеді. 5-10 мың доллар сұрайтын.
Бақытжан Шабдукәрім, «Ara studios» продюсері:
Өкінішке қарай Қазақстанда 2-ақ қана университет бар. Ол Астанадағы «Шабыт», Алматыдағы Жүргенов атындағы академия.
Қасиет Сағидолла, «Qazart media» студиясының директоры:
Шабытта 3 өлшемді анимацияны өтетін маман ретінде мұғалім жоқ.
Жәнібек Оразалы, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:
Мен өзім 10 жыл ұстаздық қылдым. Басында бізге жылына 5-6, 7-8 талапкер келетін. Соңғы кезде 40-50 талапкер келетін болды. Ал, оларда грант саны шектеулі, жылына 5-6 грант, аудитория жетіспейді.
Оқуды бітіріп шыққан соң еңбегіңе лайықты жалақы төлейтін жұмыс табу да қиын.

Серік Балтабаев, «Rio animation» студиясының директоры:
Биылдың өзінде біздің Риодан 5 адам фрилансқа сыртқа шет елдің жобасын жасауға кетті. 900-1 млн теңгеге дейін жалақы алады.
Осындай да шет елге қазақстандық аниматорлардың емес, олардың осы жақта жасаған өнімдері өткізілсе дейсің. Ол үшін оларды қолдау қажет. Өйткені, «балаға жұмсалған ақша болашаққа салынған инвестиция» деген тәмсіл бар. Ал, анимация бала тәрбиесінің басты қаруына айналғалы қашан...

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу