Ертең ХІХ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Қазірдің өзінде Ханчжоу қаласында дүбірлі дода қыза түскен. Әлемнің әр түкпірінен Қытайға спортшылармен қатар журналистер мен жанкүйерлер барып жатыр. Жарыстарға 3 миллионнан астам билет сатылған.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Осындай ауқымды шараларда волонтерлердің жұмысы маңызды. Олар жер-жерден келген адамдарды ең бірінші болып осылай жылы шыраймен қарсы алып, бағыт-бағдар береді. ХІХ Жазғы Азия ойындарында 40 мыңнан астам волонтер қызмет етіп жүр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, Азиада алауы ертең тұтанады. Дегенмен, бірнеше күн бұрын іріктеу жарыстары басталып кетті. Бүгін волейболдан Қазақстан ерлер құрамасы плей-офф кезеңінің 1/8 финалдық ойынында Жапония командасымен кездесіп, есе жіберді.
Борис Гребенников, волейболдан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері:
Бүгін бізге сенімділік жетіспеді. Жапондар қазіргі Азия чемпионы. Дегенмен біздің жүлдеге таласуға әлі де мүмкіндігіміз бар. Ол бүгінгі жеребе кезінде белгілі болады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Азия ойындарынан хабар тарату үшін әлемнің түкпір-түкпірінен он мыңнан астам журналист келген. Ал бұл негізгі медиа орталық. Бұл жерде бір мезетте 400 журналист жұмыс істей алады. Мына үлкен экрандардан барлық трансляцияларды көріп отыруға болады.
Вивек Прабхакар, «Asian News International» тілшісі :
Азия ойындарына Үндістаннан келдік. Біздің арна алғаш рет Азиададан хабар таратып отыр. Әр елден келген әріптестермен сөйлесіп, тәжірибе алмасып жатырмыз.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Азия ойындарының ашылу салтанаты ертең Астана уақытымен кешкі 18:00-де басталады. Ол 80 мыңдық Ханчжоу Олимпиялық стадионында өтеді. Ұйымдастырушылар ғаламат шоу болады деп уәде беріп отыр. Қазақстан туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Надежда Дубовицкая ұстап шығады.