Халықтық петициялар енді үкімет деңгейінде қаралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықтық петициялар енді үкімет деңгейінде қаралады

21.09.2023

Енді 50 мыңнан астам қол жинаған халықтық петициялар үкімет деңгейінде қаралатын болды. Сенаторлар «Қоғамдық бақылау туралы заң жобасын» екі оқылымда мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді.

Құжатқа сай, петиция өткізу үшін арнайы интернет портал арқылы өтініш береді. Ал уәкілетті орган петиция жария болғанша, оның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды. Дегенмен, петиция арқылы әсер етуге болмайтын бірнеше мәселе бар.

Данияр Қадыров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары:

Сайлау туралы, референдум, сот жүйесі туралы, прокуратура туралы, сонымен бірге арнайы қызметтердің қызметіне байланысты қойылмайды. Мемлекеттік құпипясы бар сұрақтар қойылмайды. Президент, екі парламент палаталары және үкіметтің құқығына кіретін лауазымдарды тағайындау мен орындарынан алу мәселелері де қарастырылмайды. Өйткені ол конституциялық заңмен, сайлаумен, референдуммен қарастырылады.

Құжатта қоғамдық бақылау жұмыстарын реттеу тетіктері де бар. Оның негізінде кез келген азамат қоғамдық бақылау ұйымын құрып, нысандарға тексеру жұмыстарын жүргізе алады. Бұл ретте, қос тараптың да құқықтары мен міндеттері заңда нақты жазылған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бүгін бекітілген заңдар мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленді. Олар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамсыз етуді көздейді.


Хабарламаларға жазылу