Елдегі ең ірі мектептің оқушылары оқулықсыз білім алып жүр
Оқу жылының басталғанына 20 күннен асса да, 7 000 балаға арналған елдегі ең ірі мектептің оқушылары оқулықсыз білім алып жүр. Ақтөбедегі бұл білім ордасы осы оқу жылының басында ғана ашылған еді. Жауаптылар мәселе шешіліп жатыр, ал оқулық келгенін күте алмайтын ата-аналар өз қаржыларына сатып алсын дейді. Тараптар пікірін Жақсыбек Кемал тыңдап келді.
Бұл мектеп мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істейді. Оныншы, он бірінші сыныптарда оқитын бір оқушы үшін жылына 721 мың теңге бөлінеді. Дәл осы жоғарғы сынып оқушылары қазір оқулықсыз білім алуға мәжбүр. Өз қаржысына сатып алғандарында ғана кітап бар.
Айгүл Алдиярова, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
Оқушылардың 70 пайызын оқулықпен қамтамасыз еттік. Қалғандарын қала мектептерінің, білім бөлімінің көмегі арқылы алып жатырмыз. Негізі өз қаржымызға сатып алуды жоспарлап отырмыз. Ал, ол кітаптар келгенше күте алмаймын дейтін ата-аналардың өздері сатып алуына болады.
Ата-аналар бұл пікірмен келіспейді.Өйткені, көп балалы отбасылар үшін ол үлкен мәселе. Қазірге мектептегі мың жарымға жуық балада бір де бір кітап жоқ.
Мұғжиза Ізбасова, қала тұрғыны:
«Бізге тек бірінші класқа арналаған кітаптарды берді. Жетінші және оныншы сыныптың оқулықтарын берген жоқ. Бұрын 1 қыркүйек күні толық алатын едік, қазір жағдай басқаша»
Облыстық білім басқармасының өкілдерінің айтуынша, баспаға тапсырыстар берілген. Мұндай мәселенің туындауына білім ордасының жоспарға сай желтоқсан айында емес, одан ерте ашылуы себеп.
Ләззат Ордабаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Оқу жылы басталар кезде оқулықтардың жетіспеушілігі жайлы ата-аналарға ескертілді. Қазіргі таңда бұл мәселе қарастырылып жатыр.
Оқу жылының басында ғана ашылған білім ордасында қазірдің өзінде 3 800 бала оқып жатыр. Оқушы саны әлі де артады. Жауаптылар оқулық мәселесі бір ай ішінде толығымен шешіледі деп сендіріп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
