Еңбек адамдары: Ақтөбеде ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ұстаздар қызмет етуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек адамдары: Ақтөбеде ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ұстаздар қызмет етуде

19.09.2023

Мамандығымен мақтанады. Ақтөбеде дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей интернатының мұғалімдері Ләззат Паңгереева мен Күнсұлу Шүкірованы нағыз еңбек адамы деуге болады. Екеуі де 30 жылдан астам білім беру саласында озық ойлы шәкірттерді дайындап келеді. Олар оқытқан түлектер республикалық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанған.  

Ләззат Паңгереева еңбек жолын ауыл мектебінде бастаған. Тәжірибелі ұстаз ауыл мен қала баласында айырмашылық жоқ, бастысы оларды білімге қызықтыра білу керек дейді. Тек соңғы жылдардың өзінде оның оннан аса шәкірті республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегері атанған. Өзі де көптеген байқауларда топ жарды. 32 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз елеулі еңбегінің арқасында Білім беру ісінің құрметті қызметкері және Ыбырай Алтынсарин медальдарымен марапатталды.

Ләззат Паңгереева, Орыс тілі пәнінің мұғалімі:

Бір бағытта ғана жұмыс істеу аз. Балалардың қандай пәнді сүйіп оқиды, қандай кітапқа қарайды, соның бәрін қарау керек. Біз психологтармен бірлесіп жұмыс істейміз. Жалпы баламен жұмыс ең қызық, ең қиын, күрделі, сондай шығармашылық жұмыс деп ойлаймын.

Ал Күнсұлу Шүкірова да білім беру саласында 30 жылдан аса еңбек етіп келеді. Ол бір емес, екі облыстың дарынды балаларымен жұмыс істеген. Ақтөбеге Маңғыстаудан қоныс аударды. Ұлағатты ұстаз шәкірттерінің ана тіліміз бен әдебитетке деген қызығушылығын сабақтан тыс шаралар арқылы да арттыруды қолға алған. Соның арқасында оның кез-келген шәкірті ойын ашық, еркін айта алады.

Күнсұлу Шүкірова, Қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

Ортақ ұстаным – алдыға келген білім алушы бала бір ата-ананың аманаты екенін сезіну, біріншіден. Екінші, қанадй заман, қанда қоғам өзгерсе де педагог үшін тағы бір мәртебелі, жауапты іс – алдыңа келген әрбір білім алушыны құрметтеп, қадірлеп, оны тұлға ретінде сезу, сезіндіру. Жауапкершілік сонда тұр.

Екі ұстазды ұжымдастары да ерекше құрметтейді.Сүйікті мұғалімдері туралы түсірілім жасап жүрген бізді көріп, оқушылары апайлары туралы пікір білдірді.

Ақпейіл Сағи, оқушы:

Апай бізде өте мейірімді, парасатты. Сондай бір мақсат қойса, соны соңына дейін жеткізеді. Және өте интеллигентті апай.

Әлішер Айтбаев, оқушы:

Сабақта ойын еркін жеткізе білетін, бізге айрықша көмек көрсете білетін, өзінің көмегін аямайтын мұғалім ретінде айтамын.

«Ұстаз – мектептің жүрегі!» Ал бүгінгі кейіпкерлеріміздің тілегі - шәкірттерінің ел дамуына үлес қосатын, адал, әділ азамат болуы.


Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу